$ 498.55  524.28  4.75

Әділбек Ниязымбетов ҚР Ұлттық гвардиясының капитаны шенін алды

Бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының капитаны шенін уақытынан бұрын алды деп хабарлайды аталған органның баспасөз қызметі.

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен, «Динамо» дене шынықтыру-спорттық қоғамдастығына қарасты қоғамдық бірлестіктің төрағасы, аға лейтенант Әділбек Ниязымбетовке әскери атақ – ҚР Ұлттық гвардиясының капитаны шені уақытынан бұрын берілді.

Қ.Қасымовтың айтуынша, Қазақстанның динамолық спортшылары Рио-де-Жанейродаөткен жазғы Олимпиада ойындарында ерлік, батылдық және қайсарлық танытқан.

- Мен уақытынан бұрын кезекті әскери шенімді алғаным үшін қуаныштымын. Қазақстан Республикасына бұдан кейін де адал қызмет етемін. Мені қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын, - деді Әділбек Ниязымбетов капитан погонын тапсыру рәсімі барысында.

Спортшының осынау қуанышына ортақтасқан «Динамо» дене шынықтыру-спорттық қоғамдастығы төрағасының бірінші орынбасары Игорь Садыкин Олимпиаданың күміс жүлдегерін шын жүректен құттықтады.

- Әділбектің біздің облыстың спорт саласына қосып келген үлкен үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Ниязымбетов өзінің алдына қойылған міндеттердің барлығын жоғары деңгейде орындап, спортшы-полицейдің жоғары деңгейлі дайындығын көрсетті, Қазақстанның намысын Олимпиада ойындарында қорғай білді. Біз оның осынау жеңістерімен мақтанамыз. Ол қарсыластарының және жанкүйерлерінің құрметіне лайықты спортшы, - дейді Игорь Садыкин.

Айта кетейік, Әділбектен бөлек бұл күні тағы үш спортшыға әскери атақтар берілді. Атап айтсақ, ҚР Ұлттық гвардияның спорт жаттықтырушысы – бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Данияр Елеусіновке, күміс жүлдегер Василий Левитке және дзюдодан күміс жүлдегер Елдос Сметовке офицерлік «лейтенант» шені берілді.

Естеріңізге салайық, 81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Әділбек Ниязымбетов Риода өткен жазғы Олимпиада ойындарында күміс жүлдегер атанды. Финалдық жекпе-жекте ол даңқты кубалық боксшы Хулио Сезар Ла крусқа ғана жол берген болатын. Бұған дейінгі Лондон олимпиадасында да Әділбек елге екінші орынмен ораған.

Маңғыстау облысының әкімі Әділбек Ниязымбетовке және оның бапкері Марат Жәкиевке жол талғамайтын көлік пен 5 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары