30.09.2016, 10:38

Маңғыстаудың жас боксшылар Ресейде өткен турнирде 14 медаль жеңіп алды

Маңғыстаулық бокс мектебінің шәкірттері Ресейдің Ставрополь аймағында өткен Бүкілресейлік турнирде 7 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Аталған жарыс бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Виктор Усаченконы еске алуға арналған. Бұл жапйында Маңғыстау облыстық бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Бапкер Асхат Кемалов бастап барған облыс құрамасының сапында 14 боксшы болған. Олардың барлығы да жүлдеге ілініп отыр. Ал, турнирдің өзіне Ресей мен Қазақстаннан келген 200-ден астам спортшы қатысты.

Маңғыстау өңірінен барған жас боксшылар Медет Жолдасбаев (44 келі), Өмірзақ Решев (46 келі), Нұрбек Орысбай (46 келі), Айбек Беріханов (54 келі), Саламат Көбесінов (56 келі), Еділ Базар (63 келі) және Ислам Клышев (69 келі) жарыстың ең биік тұғырына көтерілді.

Сондай-ақ, Алпамыс Нұрғалиев (38 келі), Нұрболат Дүйсенов (40 келі), Берекет Жолкишиков (75 келі) күміс жүлдегер атанса, Исмаил Жайғалиев (40 келі), Ербол Айнабаев (52 келі), Нұрдәулет Бақытжан (54 келі) және Айбек Бериханов (57 келі) үздік үштікті қорытындылады.

- Спортшыларымыздың барлығы өздеріне артылған міндеттерді толыққанды орындады. Тіпті, біз күткеннен де жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Ресейге облысымыздан 14 боксшы барып, олардың жетеуі бірінші орын алды. Бәсекелестік өте жоғары болды, Ресейдің өзінен, Қазақстанның өзге қалаларынан мықты спортшылар келген. Соған қарамастан, біздің шәкірттер жерге қаратпай, облыс намысын абыроймен қорғап қайтты, керемет өнер көрсетті, - дейді бокстан жастар арасында Маңғыстау облысының бас бапкері Асхат Кемалов.