Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылында Қаралда палуан атындағы жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Кәсіпкерлердің жас спортшыларға жасаған осынау сыйы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр. Бұл туралы Маңғыстау баспасөз орталығы мәлімдеді.
Кешеннің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Оның құрылысына меценаттар 30 миллион теңге жұмсаған.
Бүгінгі таңда Маңғыстау ауданында спортпен шұғылданатын жастардың саны 3 мыңнан асып жығылады. Ақшымырау ауылының тұрғыны – волейболдан ауылдық команданың капитаны Жаңалық Бисембаевтың айтуынша, мұндай спорттық нысан аумақтағы спорттың дамуына үлкен септігін тигізеді.
«Жаңа спорт кешенін ашқаны үшін өте қуаныштымын. Бұрын біздің волебол командамыз мектептің спортзалында жаттығатын. Өкінішке қарай, оған сыймайтынбыз, орын бәріне жетпейді. Енді қазір спортпен шұғылданғысы келген кез-келген ауыл тұрғыны осы залға келіп, қалағанынша жаттыға алады», - дейді Жаңалық Бейсембаев.
Жаңа кешенде тек волейбол емес, бокспен, қазақша күреспен айналысып, бұлшықеттерді жаттықтыруға да болады. Сонымен қатар, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері де қарастырылған.
- Мұндай спорт кешенін біздің ауданның жастары бұрыннан армандап, айтып келеді. Осы жастардың тілегін орындау үшін «Жаңа адым» деп аталатын қоғамдық қор құрылды. Кәсіпкерлердің қолдауымен және ауыл тұрғындарының бірауыздан шешімімен заманауи спорт кешенін Ақшымырау ауылында салынатын болып шешілді. Нысанға өңірімізге танылған даңқты палуан Қаралды бабаның атын бердік. Егер тағы демеушілер табылып жатса дзюдо секциясын ашуға дайынбыз, - дейді Маңғыстау ауданының тұрғыны, осы жобаның басы-қасында жүрген Дүйсенбек Сәдіғұлов.