$ 498.55  524.28  4.75

Ақтаулық жас боксшы Бекзат Нұрдәулетов халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Бокстан Германияда өткен халықаралық турнирде ақтаулық жас боксшы Бекзат Нұрдәулетов алтыннан алқа тақты деп хабарлайды Маңғыстау облыстық бокс федерациясының баспасөз қызметі. Финалдық кездесуде жерлесіміз поляк боксшысын үш раунд бойы сабап, төрешілердің шешімімен бірауыздан жеңіске жеткен.

Жас боксшылар арасында дәстүрге айналған «Бранденбург кубогі» турнирі Одердегі Франкфурт қаласында тамыздың 23-27 күндері аралығында өтті. Жарыс жеңімпазы атану үшін әлемнің 9 елінен 85 боксшы келген. Ақтаулық Бекзат Нұрдәулетов (81 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғады.

Алғашқы жекпе-жегін Бекзат Ресей чемпионымен өткізіп, 2:1 есебімен басым түсті. Екінші жарыс күні жерлесіміз Австрия боксшысымен шаршы алаңға шығып, оны нокаутпен оңай жеңді. Ал, соңғы финалдық айқаста Бекзат Нұрдәулетов Польша чемпионымен кездесіп, оны 3:0 есебімен айқын ұтты. Нәтижесінде ақтаулық боксшы ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салып, жарыс чемпионы атанды.

Бекзатты Германияға бокстан жастар арасында Маңғыстау облысының бас бапкері Дмитрий Середов ертіп апарған болатын.

- Біздің өңірдің мақтанышы Бекзат Нұрдәулетов «Бранденбург» кубогін жеңіп алды. Ол өте дарынды, еңбекқор боксшы. Біз Бекзатқа үлкен үміт артып отырмыз. Барлық жекпе-жегінде ол қарсыластарынан бір басқа жоғары екенін дәлелдеп, айқын жеңіске жете білді. Бұл турнир алдағы уақытта Санкт-Петерборда өтетін әлем чемпионатына іріктеу жарысы болатын. Яғни, енді әлем чемпионы атану үшін тер төгетін боламыз, - деді Дмитрий Середов.

Айта кетейік, Германияда өткен турнирде Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары қоржынға 4 алтын медаль салып, жалпыкомандалық есепте де бірінші орынды жеңіп алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары