20.10.2016, 10:57

Дзюдодан ұлттық құраманы моңғол бапкері жаттықтырады

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жәкен Саламатовты моңғол маманы Дашжамцын Энхбаатар алмастырады. Ауыс-түйіс 15-19 қараша аралығында Қызылордада өтетін Қазақстан чемпионатынан кейін орын алмақ деп хабарлайды informburo.kz.

Дереккөздің мәліметінше, Дашжамцын Энхбаатар ұлттық құраманы 2020 жылға дейін жаттықтырады.

Айта кетейік, Дашжамцын Энхбаатар Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Моңғолиядан келген легионер Отгонцэцэг Галбадрахтың бапкері. Ол екеуі Қазақстанға 2015 жылдың басында көшіп келген.

Қазіргі таңда Галбадрах өз салмағында әлемдегі ең үздік үш спортшының бірі болып есептеледі. Ол Әлем кубогінің күміс және қола жүлдегері, "Үлкен дулыға" турнирінің екі дүркін күміс жүлдегері және 2016 жылғы чемпионы, Еуропа кубогінің күміс жүлдегері, әлемдік Гран-придің сегіз дүркін қола жүлдегері,үш дүркін күміс жүлдегері және төрт дүркін чемпионы, Азия чемпионы.

Ал, ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков қызметін жалғастыра бермек.