$ 474.72  515.17  5.58

Ақтаулық жасөспірім қыздар күрестен халықаралық турнирде жүлдегер атанды

Ақтаулық кішкентай палуан қыздар Ресейдің Тольятти қаласында өткен еркін күрестен халықаралық турнирде бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. 6-8 қазан күндері аралығында өткен жарысқа Қазақстан мен Ресейдің 100-ден астам спортшысы қатысты. Осы турнирмен қатар өткен Ақтөбедегі жарыстан Маңғыстау облысының палуан қыздары 6 медальмен оралды.

Аталған халықаралық турнир Ресейдегі еркін күрестің негізін қалаған спортшы Иван Самылинді еске алуға арналған және Тольяттиде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Ақтаулық бапкерлердің айтуынша, олардың жас шәкірттері өте сауатты өнер көрсеткен. Ал, қарсыластарының ешбірі осал емес, шеберлігі жоғары деңгейде.

Нәтижесінде, Маңғыстау облысының қоржынына алтын жүлдені +68 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жұлдыз Сатмағамбетова салды. 34 келіде күрескен Сабина Қайбуллаева болса тек финалда сүрініп, жарыстың күміс жүлдегері атанды. Маңғыстаулық палуан қыздар арасында үздік үштікті Әсем Қайбуллаева (40 келі), Марал Тәңірбергенова (40 келі) және Жанарай Абат (30 келі) қорытындылаған.

Тольяттидегі жарыстан кейін маңғыстаулық қыздар Ақтөбеге соғып, республиканың ашық біріншілігіне де қатысты. Аталған жарыстан жасөспірімдер бос қоржынмен қайтқан жоқ. Марал Тәңірбергенова мен Сабина Қайбуллаева ел чемпионы атанса, Алина Елисеева (32 келі) мен Жұлдыз Сатмағамбетова (+62 келі) және Әсем Қайбуллаева күміс жүлдені місе тұтты. Ал, 32 келіде өнер көрсеткен Милена Алиева қола медальмен үйге оралды.

Маңғыстау облысы бойынша еркін күрестен жасөспірімдердің бапкері Александр Мухалевтің айтуынша, ақтаулық қыздар қос турнирде өте сәтті өнер көрсеткен. Енді олар қарашаның 4-6 күндері аралығында Өскеменде кіші қыздар арасында өтетін республика біріншілігіне дайындалады.

Жеңімпаз қыздар болса Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшылары мен бапкерлер – Александру Мухалевке, Юлия Хамелиске және Меруерт Дыңбаеваға алғыстарын айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары