Осыдан бірер күн бұрын "Ақтөбе" футбол клубының миллиондаған қаражатын жымқырды деген айыппен клубтың бас директоры Дмитрий Васильев ұсталған болатын. Енді команда ойыншылары мен қызметкерлері басшыларына қорған болып, Бас прокурордың атына хат жазды.
Аталған үндеу-хаттың көшірмесі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровқа жолданған. Аталған хатта клуб ойыншылары Д.Васильевтің ісін барынша ашық тексеріп, әділ шешім шығаруын сұрап отыр.
Хаттың мәтіні клубтың ресми сайтына жарияланған.
"Біз Дмитрий Васильевке сыйақыны заңсыз таратқан деген айыптың тағылғанын естіп, алаңдап отырмыз. Сондықтан, орын алған осынау жайтты барынша ашық тексеріп, әділдік танытуларыңызды сұраймыз. Істе көрсетілген ақша сомасы Премьер-лиганың өзге клубтарының сыйақыларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ал, егер сіздер бұл қаражатты бізге заңсыз төленген деп есептесеңіздер, ендеше Қазақстан Премьер-лигасындағы өзге де клуб басшыларын жауапкершілікке тартуларыңыз керек. Нағыз әділ шешім осы болады", - делінген аталған хатта.
"Ақтөбе" ойыншылары сондай-ақ, Дмитрий Васильевтің жетістіктерін, клубқа әкелген жаңашылдығын тізбектеп көрсетіпті. Атап айтқанда, трансфер кезінде агенттерге төленетін миллиондаған қаржыны үнемдеп, оған қоса футболшыларын сату арқылы 69 миллион теңге пайда түсірген екен.
"Қазіргі легионерлер Давлатов, Куасси, Бочаров, Ситдиков, Петролай, Сорокин және Цвейбтің жалақыларын қоса есептегенде бұған дейін клубта ойнаған легионер Пиззелидің жалақысының небәрі жартысын құрайды", - хат авторлары.
Естеріңізге салайық, Дмитрий Васильев 8 қараша күні ұсталған болатын. Оған клубқа бөлінген қаражаттың 300 миллион теңгесін жымқырды деген айып тағылуда. Тексеру барысында белгілі болғандай, бас директор ойыншыларға ірі көлемдегі сыйақыларды жиі беріп отырған.