Ел егемендігін алған ширек ғасырда Қазақстанның атын шығаруда спортшылардың еңбегі ерен. Бұл қатарда оңтсүтіктің жастары көш бастайды. Оның ішінде мақтаралдықтар да бар. Алтын алқапты ауданның басшылығы спортшылардың ел дамуы жолында қосқан сүбелі үлесін ескеріп, мадақтау-марапаттарын жасады.
Қуанарлығы – елімізде бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданатындардың қатары артып келеді. «Биыл жыл дене шынықтыру мен спортты дамытуға аудандық бюджеттен 328 млн 779 мың теңге қаралған. Бұл соманы желтоқсан айының соңына дейін 100 пайыз игеру көзделуде» - дейді аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Жандарбек Татеев. Оның айтуынша, ауданда мемлекеттік меншіктегі мекемелерде 140 ұызметкер жұмыс істесе, олардың 80-ге жуығы жаттықтырушылар. Ал, спортшылардың қатары екі жарым мыңға шамалаған. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізілетін шаралардың саны көп. Дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатындардың қатары 73 424 адамды құрап, аудандағы барлық жастың қамтылуы 23.9 пайызға жетіп отыр. Тіркелген спорттық нысандар 790-ға артса, республикалық бюджет есебінен Жетісай қаласында футбол және волейбол алаңдары салынып жатыр. Мемлекеттің қолдаудың нәтижесі жаман емес. Мақтарал ауданының спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда 111 алтын, 118 күміс, 161 қола жүлделерге қол жеткізіп отыр. Ал, ҚР І лига командалары арасында «Мақтарал» футбол командасы 5-орынға тұрақтаған. Аудан әкімі Ғ.Исмаилов Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сайыпқырандардың басын қосып, оларға құрмет көрсетті.