Егеменді еліміздің ширек ғасырлық торқалы тойына орай ОҚО Бәйдібек ауданында дзюдо күресінен ашық біріншілік өтті.
Оған 2000-2001 жылы туған жасөспірімдер қатысты. Сайыстың ашылу салтанатына арнайы келген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Нұртаев балаларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жеңіс тіледі. Сонымен қатар бұл біріншілікке аудан әкімінің орынбасары Н.Айтбеков, самбо күресінен әлем чемпионы, дзюдодан Орта Азия федерациясының президенті М.Мықтыбеков, облыстық дзюдо федерациясының президенті М.Қыпшақбаев қатысып, лебіздерін білдірді.
Әлібек Нұртаев, ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Оңтүстікте жыл өткен сайын спортқа қызыққан, дене шынықтыруға құмартқан жастар мен жасөспірімдердің саны артып отыр. Қуанатын жағдай. Елінің әрбір ұланы дені сау болуы шарт. Мықты денсаулықпен жеңіске жетуге болады. Ал, жеңіске жеткен әрбір азамат біріншіден, Оңтүстіктің, одан Қазақстанның атын әлемге танытады. Бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсат – ел ертеңіне үміт артатын жалынды жастарды шығару. Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын биіктету. Мерекелеріңізбен! Барлығыңызға тек сәттілік тілеймін!
Жарысқа әр салмақ дәрежесі бойынша Шымкент, Түркістан, Түлкібас, Сарыағаш аудандарының жас спортшылары қатысты. Бәйдібек ауданының намысын қорғаған 46 кг салмақ дәрежесіндегі Б.Қасымханұлы ашық біріншіліктің бірінші орын тұғырынан көрінді. Өзге де қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.