Тәуелсіздік – баға жетпес байлық! Төлеби ауданындағы № 2 Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте ардагер ұстаздар арасында үстел теннисінен жарыс болып өтті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай өткізілген осынау додада 50 мен 60 жас аралығындағы зейнеткерлер бақ сынады.
«Тәуелсіздік - баға жетпес байлық». Осындай атаумен Төлеби ауданында үстел теннисінен турнир болып өтті. Мақсат - азаттық қадірін ұғынып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Сайысты Төлеби ауданының қоғамдық ұйым белсенділері ашып берді. Сейітхан Ақтаев турнирге қатысушыларға сәттілік тілеп, тәуелсіздік тарихын тілге тиек етті. Ардагер ұстаздардың азаттық жылдарында атқарған ауқымды істерін жас буынға дәріптеді. Турнир мұнан әрі қызықты өрбіді. Сайысқа қатысушылар өз қарсыластарын жер соқтырып, жеңуге тырысты. Ол үшін әрбір ойыншыға бес минут уақыт берілді. Осы уақыт ішінде қарсыластан басым болған ойыншы келесі кезеңге жолдама алды.
Соңғы жылдары ардагерлер арасында спорттық тунирлер көптеп ұйымдастырылып келеді. Олар салауатты өмір салтын ұстанып, жастарға үлгі болуда. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орайластырылған шарада егемендік туралы келелі ойлар айтылды. Денсаулық сақтау, осы бағытта ауқымды істер атқару негізгі осы жарыс ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздарын ұйымдастырушылар арнайы дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.