$ 498.34  519.72  4.85

Ұлттық спорт түрлері жаңғыртылды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында жер-жерлерде өткізіліп жатқан шаралар легі көп. Солардың бірі – еліміздің рухани астанасы  Түркістан маңындағы ауылдық округтерде де жалғасып отыр.

Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Тәуелсіздік мерекесіне арналған ұлттық спорт түрлері Жаңа Иқан ауылында ұйымдастырылды. Көкпар мен бәйгеден бақ сынасқан ауыл жастары ат үстінде еркін ойнады. Дүбірлі додада көкпар салымында түйеден бастап, төрт түліктің бәрі болды. Жиылған жұрттың делебесін қоздырған сайыс төрт шақырымдық жерді қамтыды.

«Бүгінгі Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне орай өткізіліп жатқан ұлттық спорттық ойындарымыз ауылдың көркін ажарландырып жіберді. Осындай шаралар тек біздің ауылымызда ғана емес, өзге ауылдарда да жалғасын тапса игі. Даланың иісін сағынған жандарға бұл ойындар өте керемет әсер берді деп ойлаймыз. Сонымен қоса жылқының денсаулыққа да тигізер пайдасы мол. Аттық спорт түгрлерін дамыту маңызды. Себебі, ұлдың ұл екенін, балаларға сенімділікті нығайтатын да осы ат спорттары», - дейді шараға келген ауыл ақсақалдары.

Жүзден жүйрік шығып, дара шапқан ойыншылар алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарды иеленді. Одан соң ұлттық ойынды тамашалауға келген көрерменге арналып, дастархан жайылды. Сондай-ақ, мерекелік шарада Түркістан қаласының бас имамы О.Елеуов ата-баба рухтарына арнап құран бағыштады. Өткенге салауат айтып, келешектің кемелденуіне дұға жасады. Айтып өтейік, аталмыш шара Жаңа Ихан ауыл әкімдігі мен жеке демеушілердің қолдауымен жоғары деңгейде өткізілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары