$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да облыс кубогы сарапқа салынуда

Бүгін Шымкенттегі «Жеңіл атлетика спорт кешенінде» ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2000-2001 жылы туған жасөспірімдер арасында «Оңтүстік Қазақстан облысының Кубогының» жалауы желбіреді. Жарыстың шымылдығын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ашып берді.

«Жыл басынан бері облыс спортшылары спорттың 59 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, барлығы 1168 медаль жеңіп алса, осы уақыт мерзімінде Азия чемпионаттары мен Кубоктарында облыс спортшылары барлығы 117 медаль  ұтып алды. Ал Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында барлығы 90 медаль еншілесе, кеше ғана Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетика шебері Жазира Жаппарқұлдың күмісі мен дзюдо шебері Галбадрах Отгонцэцэгтің қоласы облыстың спорт сүйер қауымын бір серпілтіп тастады», - деген облыс басшысы жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Кеше, 6 желтоқсан күні басталып, бүгін ресми түрде ашылған жарыс «Спорт-нашақорлыққа қарсы» ұранымен өтуде. Облыс кубогіне таласта спорттың 7 түрі - баскетбол, волейбол, грек-рим, еркін, қазақ күресі, дзюдо және жүзуден кіл мықтылар анықталып жатыр.

Еске салсақ, 28 қараша мен 2 желтоқсан күндері «Оңтүстік Қазақстан облысының Кубогінің» бірінші кезеңі аудан, қалаларда өтіп, онда 2 мыңнан астам жасөспірім бақ сынады. Онда жүзден жүйрік шыққан 1600-ден астам спортшы бүгінгі ақтық екінші кезеңге қатысып жатыр.

 Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысында спорттың баскетбол түрінен 3 мыңнан астам бала тәлім алса, волейбол бойынша 5 мың, грек-рим күресінде 1800-ге жуық, еркін күреспен 4 мыңнан астам, қазақ күресінен 3200-ден аса, дзюдомен 2700 және  жүзу спортымен 600-ге жуық бала шұғылданады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары