$ 498.34  519.72  4.85

Бәйдібекте спорт кешені ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Бәйдібек ауданының жұртшылығы тағы бір марқайып қалды. Жүзімдік ауылынан су жаңа спорт кешені бой тіктеді. Жүзге жетер-жетпес түтіні бар алақандай ауылда енді бала-шаға жылдың төрт мезгілінде де спортпен шұғылдана алады.

Жүзімдіктегі жұртшылықтың қуанышы шексіз. Ел егемендігінің ширек ғасырлық торқалы тойын тойлау барысында ауызтолтырып айтарлық жаңалыққа кенелді. Күтпеген тұста қараусыз қалған ғимаратқа қан жүгіріп, 25 млн теңгелік спорт кешеннің лентасы қиылды. Нысанда барлық жағдай жасалған. Жылумен толықтай қамтамасыз етілген, жуынып-шайынатын бөлмелер, бұқаралық спортты дамытуға арналған алаңшалар да бар мұнда.

«Бал Текстиль» ЖШС-нің директоры Талғат Ысқақовтың демеушілігімен салынған спорт кешені ауданның коммунналдық меншігіне өткізіліп отыр. Меценат бұған дейін де Жүзімдіктегі мектепке көлік сыйлап, ауылдағы мешітті күрделі жөндеуден өткізген болатын. Енді балалардың болашағы үшін қам жегенін игі ісімен байқатып отыр.

Айтып өтейік, спорт кешенінің салтанатты ашылуы облыстық турнирмен басталды. Волейбол мен тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауданның намысын республикалық додаларда қорғап жүрген саңлақ спортшыларға тарту жасалды. Жалпы, Бәйдібек ауданында елім деп, еміренген ерлер көп. Мұндайда елі де, азаматтарын ардақ тұтатыны бар. Қастерлеп, қадірлейді, барын беріп, сыйлы етеді. «Сыйға - сый, сыраға - бал» деген дана қазақ. Туған ауыл топырағын көркейтуге атсалысқан жеке кәсіпкер Т.Ысқақовқа «Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Өңір басшылығынан арнайы барған өкіл жомарт жанға облыс әкімінің құттықтауын алғыс хатымен қоса жеткізді.    

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары