Өмірде елестің бар-жоғына бірі сенсе, бірі сенбейді. Бірақ елес бар жерлерге баруға көбінің жүрегі дауаламайды. Дегенмен сондай жерлерді көруге ынтық жандар жоқ емес. Сол үшін де сол жерге барып, түнеп қайтатындар да бар.
Мәселен, Hollywood Roosevelt қонақүйінде Мэрилин Монроның елесі кезіп жүреді екен. Бұл жайында қонақ үйдің қызметкерлері жасырмайды да. Тіпті қонақүйдің қонақтары дәлізде ақ шашты, Мэрилинға ұқсайтын көрікті келіншекті көруге болатынын айтуда. Бұл қонақ үй Голливудтағы Лос-Анджелес қаласының ең әдемі ауданында орналасқан.
Канададағы Fairmont Banff Springs Hotel қонақүйіне қарасаң көз тоймайды. Осы зәулім ғимарат ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне кіреді. Өзі Banff ұлттық саябағында орналасқан. Әрине, бұл қонақүйдің архитектурасы туристерді баурап алады. Алайда кез келген адамның бұл жерге қонуға батылы жетпес. Қонақүйдің №873 бөлмесі туристердің зәре-құтын қалдырмайды. Бұл бөлмеде кішкентай сәбилердің саусақ іздері пайда болады екен. Әрі бұл қонақүйдегі жалғыз елес емес екен. Сонымен бірге Сэм есімді швейцардың елесі мекендейді. Оған қоса, кезінде осы жерде өртеніп кеткен қалыңдықтың, жол апатынан қаза тапқан қызыл киімді әйелдің рухы адамдарды қорқытып, кезіп жүреді.
Сан-Диегода Hotel del Coronado атты қонақүй бар. Калифорниялық қонақүй 1887 жылы салынған. Мұның елес жайында өзіндік тарихы бар. Жас қыздың жұмбақ өлімі. 1892 жылы бұл қонақүйге Кейт Морган есімді қыз келіп тоқтаған. Әдеміше келген келіншек тұрмыста екен. Аяғы ауыр бола тұра күйеуінен кетіп қалған. Міне, сол келіншектің мәйіті бірнеше күннен кейін қонақүйдің табалдырыған табылған. Әрине, бұл оқиғаны өзіне-өзі қол салған деп қарады. Алайда уақыт өте келе тергеушілер Кейтті өлтіріп кеткен деген шешім шығарды. Арада біраз уақыт өткен соң, қонақүйде сол келіншектің елесі пайда бола бастаған. Әсіресе, оны 302 бөлмеде кездестіруге болады.
Ал Тайваньдағы Тайбэй қонақүйі елдегі ең мықтылардың қатарында. Алайда оған қонуға келген қонақ түні бойы ұйықтамай, мазасызданып шығады. Өйткені қонақүйдегі елес келушілерге маза бермейді. Сөйтсе, құпияның сыры мынада екен. Тайбэй отелі бұрынғы түрменің орнына салынған екен. Мұнда екінші дүниежүзілік соғыстың тұсында көптеген тұтқындар өлген. Аруақ кезген қонақүйден түнде адамдардың күлкісі мен дауысы, аяқ дыбысы мен есікті қаққан сәті жиі естіліп, қайталанып тұратын болған. Тіпті бөлмедегі заттар бір орыннан екінші орынға ауысып кете берген. Мекеме басшылары фэн-шуй мамандарын шақырып, елеспен қанша күрессе де, оларды жоя алмаған. Қазақта «аруақты мазаламау керек» деген сөз бар. Демек, бұдан шығатын тұжырым: өлілердің үстіне тұрғызылған үйде ешқашан тыныштық болмайды.
Елеске толы жерлер тек шетелде ғана емес, Қазақстанда да бар. Бұған байланысты оқиғаларда ұшаң-теңіз. Елорда зират үстінде тұр деген сөз де бар.
Бейресми деректерге сүйенсек, қазіргі Абай – Жеңіс – Сейфуллин көшелері маңында 1830 бен 1915 жыл аралығында православтар зираты болған. Кейін ол жердегі қабірлер бұзылып, орнына түрме салынған.
Әңгімеге арқау болған Бөгенбай көшесі бойындағы «Свечи» тұрғын үйі салынған жерінде де зират болған-мыс. «Қараөткел» қабірі, Абай – Жеңіс – Сейфуллин көшелері аумағы, Ақ жол көшесіндегі «Астықжан» сауда үйі маңы. Мұндағы қорқынышты хикаялар құлаққа сіңісті болып кеткен. Оған сену-сенбеу әркімнің өз еркінде.
Дереккөз: aikyn.kz