$ 494.87  520.65  4.91

Тоқтарды тұқыртқан тылсым: ғарышкер әйгілі Шайтанкөлге барып, қиын жағдайға тап болған

Түсінде манағы шал риза кейіпте көрініп, Тоқтардың үсті-басын риза кейіпте бір сипап өтеді. Қанша мықты дәрігер емін таба алмай, жаза алмай қойған әлгі жара демде, әп-сәтте жоқ боп кетеді. Тоқтар құлан-таза айығып шыға келеді.

Иә, қалай десек те Шайтанкөл жайында аңыз да, әңгіме де көп. Соның бірі осы өлкеден шыққан қазақтың тұңғыш ғарышкері, қаһарман Тоқтар Әубәкіров есімімен байланысты. Кезінде бұл оқиға жайлы көп айтылып, жазылды да. Әсіресе есте қалғаны – белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің «Жас Алаш» газетінде жариялаған жолжазба очеркінде айтылған мына бір таңғажайып оқиға.

Журналист өз жазбасында 2001 жылы «Жас Алаш» газетінің 80 жылдық мерейтойын мерекелеу мақсатында ұжым болып қасиетті Қарқаралы мекеніне сапарлағанын айтып, ондағы сөзбен суреттеп жеткізгісіз сұлулыққа сүйсіне келе, әңгіме арасында Шайтанкөлге қатысты қызықты жайтты баяндайды.

«Студент кезімізден құлағымызға «Шайтанкөл» әні арқылы таныс болып қалған атақты Шайтанкөлге келдік.

– Ассалаумағалайкүм! – дедім дауысымды соза амандасып. Қасымызда жол бастап келе жатқан ұлттық қорықтың директоры менің бетіме жалт қарады. Бірдеңе айтқысы келгендей... Мен ол кісіге барлай қарап едім, сәл күлімсірей түсті де, көлге беттеді.

– Суға түсуге бола ма? – дедім.

– Беті-қол шайса да жеткілікті ғой, – деді де, ел ағасы сөзінің соңын жұтты.

– Жаңа сіз «Ассалаумағалейкүм!» дегеніңізде менің есіме Тоқтар Әубәкіров түсіп кетті... – деп, сосын сөзін сабақтай түсті. – Қайбір жылы Тоқтар ғарышқа ұшып, аман-есен елге оралған соң, осында туған жеріне келді. Қарқаралы халқы хан сықылды күтіп алды Тоқтарды. Содан осында Шайтанкөлге келдік. Ол мұнда келген бетте дереу шешінді де, суға қойып кетті. «Ай-хой, ой-хой» деп әрі-бері әбден жүзді. «Туған жерін сағынған ғой», деп біз де еміреніп жатырмыз.

Содан не керек, оның арты қиын бір жағдайға ұласты. Ертесіне ғарышкердің денесінде адам көргісіз бір жаралар пайда болды. Дереу дәрігерлер қарай бастады. Жақпаған дәрі жоқ. Кетер емес. Жағдайдан Алматы құлақтанса керек, апыл-ғұпыл Тоқтарды сонда алып кетті. Сізге өтірік, маған шын, жаңағы жара оңайлықпен жазыла қоймады. Бір күні Тоқтар түс көріпті. Түсінде аппақ киімді, аппақ сақалды бір ақсақал: «Әй, Тоқтар! Сен менімен амандаспадың ғой!» – десе керек.

Содан Тоқтар дәрігерлердің қарсылығына қарамай Қарқаралыға салып-ұрып жетіп келеді ғой. Келе сала осы Шайтанкөлге беттейді. Жоғары көтеріліп, көлді көре сала «Ассалаумағалейкүм» деп амандасады. Бір түн түнейді.

Түсінде манағы шал риза кейіпте көрініп, Тоқтардың үсті-басын риза кейіпте бір сипап өтеді. Қанша мықты дәрігер емін таба алмай, жаза алмай қойған әлгі жара демде, әп-сәтте жоқ боп кетеді. Тоқтар құлан-таза айығып шыға келеді. Ғарышкерлердің денсаулығын қарайтын дәрігерлер аң-таң деседі. Сіз әлгінде көлмен амандасып жатқаныңызда менің есіме осы оқиға түсіп еді», деп ел ағасы әңгімесін бітірді. «Бұл не деген керемет!» десіп бәріміз таңғалып жатырмыз» деген деректі келтіреді журналист жолжазбасында.

Ал тағы бір аңыз Шайтанкөлді құпияға толы крест оқиғасымен байланыстырады. Жазба деректерде сақталған мәліметтерге сүйенер болсақ, жағдай былай болыпты. Осыдан бір ғасыр бұрын көптің өтінішімен Михайл есімді қарқаралылық архиерей жергілікті жұрттың зәре-құтын әбден алып болған үрейлі мекенді жын-періден аластату мақсатында көлдің батыс жаға-лауындағы қойтасты тесіп, крест орнатады. Ол оқиғаның кейінгі жайын жазушы Серік Сағынтай былайша баяндайды:

«Шайтанкөлдің жағасына қадалған крест туралы алғаш жазған белгілі өл-кетанушы Юрий Попов болса, уақыт өте оның су түбіне лақтырылғаны жөнінде де көптеген аңыз-әфсанаға толы әңгімелер толастамай келеді. Шынтуайтында, көл түбінде жатқан кресті көрдім деушілер аз. Тек осыдан біраз жыл бұрын архиерей Михайлдың Шайтанкөлді аластағанына 100 жыл толған тұста Қарағанды өңірі казактарының атаманы, Қазақстан Республикасының Орыс-славяндар мен казактар қауымдастығының мүшесі Семен Раков бастаған топ көл түбіндегі зілтемірді қайыра алып шығуға ынта білдірген. Алайда бастамашыл топ қаражат таба алмады ма, әлде өзге геосаяси себептерге тоқталды ма – крест су түбінен шығарылған жоқ», – дейді қарағандылық қаламгер.

Жергілікті тұрғындар ғана емес, тіпті орыс діндарлары да қасиетті көлдің құпиясына бойламаққа барынша тырысып бағады. Тіпті көлді қоршай орналасқан жақпартасқа крест орнатып, Шайтан атауын түбегейлі жойып, Қасиетті көл атандырмаққа бекінеді. Сол үшін арнайы рәсім де жасап әбігерге түседі. Алайда бәрі бекер еді. Көл әу бастағы атауынан айырылмады. Керісінше, жұмбағына жұмбақ, аңызына аңыз үстеп, әйгілі айдын атағын аспандатып әкетті. Ақындар шабытына дем берді. Небір сұлу жырдың тууына себепкер болды. Мәселен...

(«Егемен Қазақстан» сайтынан ықшамдалып алынды).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары