$ 494.87  520.65  4.91

Қонақ үйдің №999 бөлмесі: кірген адам тірі шықпайтын жерде мистик-жазушы да көз жұмды

"Өзім қалаған бөлменің тылсым жайттарын, ол жайлы аңыздарды талай естігем. "Жүз рет естігенше бір рет көр" деген. Армандай бергенше, тылсым жайтты көріп өлейін!".

—    Сэр, ол бөлмеге орналаспағаныңыз абзал!

—    Неге болмайды екен? Мен дәл сол бөлмеде түнеп шығу үшін сонау Монхеттоннан қаншама шақырым жол жүріп келдім. Артық сөзге уақытым жоқ. №999 бөлменің кілтін беріңіз. Жылдам!

—    Ескертпеді демеңіз, Сэр! Ол бөлмеден талай адамның мүрдесі табылған, түнеген адамдардың осы кезге дейін таңертең тірі шыққаны жоқ. Ажалыңызға асығып не көрінді сізге?

—    Мен мистик-жазушымын. Жазушы қиял-ғажайыпты, қорқынышты оқиғаларды оқырманына жеткізу үшін оқиғаны өз көзімен көріп, тұлабойымен сезінуі керек. Өзім қалаған бөлменің тылсым жайттарын, ол жайлы аңыздарды талай естігем. "Жүз рет естігенше бір рет көр" деген. Армандай бергенше, тылсым жайтты көріп өлейін!

Қонақ үй клиентінің мына көзінен кейін бағанадан бері кілтті беруге қимаған қатулы қабақты афроамерикандық жазушының қадалған жерден қан алмайтынын түсінді. Кілтті табыстады да, түн ішінде төтенше жағдай туа қалса қашудың амалдарын түсіндіріп, қосымша есіктер мен терезеден қалай шығуды нұсқады. 
 
...Түннің бір уағы болатын. Өзін алдын-ала психологиялық тұрғыдан дайындаса да жазушы елес толы қонақ үй бөлмесінде отырғанына сенер емес. Түн тыныштығы мен қою қараңғылықтан ба, әлде, бұрын оқыған қорқынышты әңгімелері есіне түсті ме, бойын үрей билей бастады. Жүрегі қысылып бара жатқандықтан терезенің ашық жерінен басын шығарып, түнгі қалаға көз жүгіртті. Көзін тоқтатпастан айналадағы жарқ-жұрқ еткен шамдарға қызыға қарап тұрған. Кенет бөлмесіне қарама-қарсы тұрған ғимараттың өзінің бөлмесімен тұстас терезесінен өзіне ұқсас бейнені қарады. Таңғалған ойын жасыра алмай, басын тысқа қаттырақ шығарып үңіле қарады. 

 Міне, сұмдық! Сырттан қараған бейтаныс адам емес. Дәл өзі. Тіпті, егізі дерсіз! Сенер-сенбесін білмей түрлі қимылдар жасады. Құлағын шұқыды, арқасын қасыды. 
 Анау бұның қимылын айна-қатесіз қайталап тұр.

Бұл әрекеті әрі қарай да жалғаса берер ме еді, егер ту сыртынан  адам кейпіндегі бір мақұлық келіп қалмағанда. Терезеге қарап тұрып қолына ұшы үшкір темір ұстаған мақұлықты көріп қалды да «жалмауызға да жан керек» дегендей қарсыласа кетті.

Жандәрмені қалмай көзін тарс жұмып, әлгіні ұрып жатыр, ұрып жатыр. Бір кезде соққысы тарс етіп еденге тиді. 

Көзін ашып қалса, қарсыласы жым-жылас жоқ. Қансыраған қолын жуайын деп суды ағыза бергенде ыстық су атқылай жөнелді. Ағысы қатты тасқын дерсіз.  Буы бұрқыраған суды әрең тоқтатып, айнаға ұзақ қарады. Бірер минут бұрын болған «шайқастан» астыңғы ерні жырылған екен. Түрі өрт сөндіргендей, демалысы жиілеген. Жиегі қымбат тастармен безендірілген айнадан талай адамдардың бейнесі көрінді.

Бірі терезеден секірсе, бірі балконнан өзін тастап жіберген, енді бірі жылу батереясынан шалбар белбеуін байлап, мойнын қылқындырған, ал, мына бір бозбала қызының денесін бөлшектеп, қонақ үй әжетханасына өліктің бөлшектерін ағызып жіберіпті. Кино ленталарындай көріністен қорыққан өзінше «қаһарман жазушының» әлдәрмені мына сұмдықтан кейін келместің кемесіне мінді. Тілі салақтап, миына қан құйыла құлады.

 Әне, ол еденде жатыр. 

Таңертең қонақ үй қызметкерлері келгенде, жазушының денесінде басы жоқ болып шықты. Бұрын-соңды басы жоқ өлікті осы бөлмеден алып шығып көрмеген қызметкерлер аң-таң.

Бұл кезде жазушының басын әлгі, қызының денесін бөлшектеген бозбаланың рухы тынышталмағандықтан мүжіп жеп қойғанын ешкім сезбеп еді. 

Шапағат СЕРДӘЛІ
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары