$ 494.87  520.65  4.91

Нәрестенің жанын жыландарға сатқан молда

Кенет сырттан әлдебіреу кіргендей, есіктің ашылып-жабылғанын естіді. Барып қараса, ешкім жоқ. Қайта орнына келіп жайғасты. Бірақ, әлгі дыбысты қайта естіді. Қайтадан тұрып, есік жаққа тағы барды. Бұл жолы да келген адам жоқ. Сірә, біреу мұны мазақ қылып, есікті ашып-жауып, тығылмақ ойнап тұрғандай.

Ошақ астынан шыққан күлді төгуге қора сыртына шықты. Бірер қадам аттаған соң аяқсу ағатын арықтың сағасына таяды. Әлгі жерде өзінен басқа біреудің барын сезді. Жай қимылдап, мойнын алға созды. Қараса, су жыланы бұған тесірейе қарап тұр. Қолындағы шелегін тастап қаша жөнелді. Қоршау мен арықтың арасы сол сәтте отқа оранған ну даланың аяқталмайтын жолын елестетті.

Енді міне, «жаңбыр жаумай су болған» қалпынан айығып, жайбарақат отырысы мынау. Үйде жалғыз қалғандықтан, тырс еткен дыбысқа елең ете қалады. Соңғы кездері дүрсілдеуін жиілеткен жүрегі де мазалауын қояр емес. Жүкті болғандықтан дем жетпей, екі шекесі солқылдап бара жатқан соң, төрдегі құс жастыққа жантайған-ды. Мызғып кетіпті.

Терезеден тырс-тырс етіп ұрған тамшылардың дыбысынан оянды. Жаңбыр жауса да жел саябырсымаған. Терезеден қарағанда, ағаштардың бұтақтары ұйытқыған желден сынып кететіндей болып тұр екен. Табиғаттың мұндай тосын мінез танытқанын өмірінде бірінші рет көріп тұрған ол одан сайын шоши түсті.

Кенет сырттан әлдебіреу кіргендей, есіктің ашылып-жабылғанын естіді. Барып қараса, ешкім жоқ. Қайта орнына келіп жайғасты. Бірақ, әлгі дыбысты қайта естіді. Қайтадан тұрып, есік жаққа тағы барды. Бұл жолы да келген адам жоқ. Сірә, біреу мұны мазақ қылып, есікті ашып-жауып, тығылмақ ойнап тұрғандай.

«Әй, кім бар? Кімсің? Жаның барда шық, кәне!» - деп айғай салды бұл. Осылайша, айғайға басып бірнеше минут тұрды. Тұра-тұра аяғының әл-дәрмені кете бастапты. Әншейінде оңайлықпен жыли қоймайтын аяғы ыстықтап бара жатқандай. Енді отқа түсіп кеткендей қатты ысый бастады. Жұм-жұмсақ бірдеңе аяғына оратылып барады. Беймәлім мақұлық өзін кеміріп жегелі жатыр деп ойлағаны мұң екен, маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды.

Тілге келмеді. Сол күйінше кілем үстіне құлап түсті. Сәлден соң есін жиып қараса, кешеден бері жоғалып кеткен қара мысығы екен. Қорыққанға қос көрінеді деген осы болар. Қуанғаннан көзінен ыстық жас ыршып түсті.

Дереу мысығына ұмтылды. Қараса, өзінің аяғы жаралы екен. Қансырап тұр. Сол сәтте жүрегі зу ете қалды. Аяғыма мысығым оратылды деп өзін алдағанын бірден түсінді.

Зіл батпандай ауырлаған аяғын әрең көтеріп, таза ауамен тыныстағысы келген. Есік алдына шығып, енді ғана жайлылық пен қауіпсіздікті сезіне бастаған еді, үй ішінен мысығының баж ете қалған дауысы естілді. Атып тұрса да бір аяғын әрең сүйретіп ішке кіргенде, өз көзіне өзі сенбеді. Мысығын жыландар қоршап алып, есіктен өткізбей тұр екен. Сорлы үй хайуаны иесіне жәутеңдейді. Оның аянышты көзқарасына жаны ашып кеткен ол көрші үйдегі молда атаға барып мұңын шақты.

Үлкендерден естуінше, көрші атаның әулиелік, көріпкелдік, балгерлік, сынықшылық және дуамен емдейтін қасиеті бар көрінеді. Ендігі үміті – сол кісінің бойындағы тылсым қасиеттерін пайдаланып, үйінен жыландарды қуып шығуында. Бала кезден бері көрші болса да, ұдайы үстінен мұнтаздай таза ақ шапанын тастамайтын молданың үйіне кіріп тұрған осы. Үлкендер бала кезінде мұны «молда атаның үйін дәу қара жыландар қорғап тұрады, ол жаққа барушы болма, қасиет қонған кісі сені жындарға ертіп жібереді» деп әбден қорқытып қойған еді. «Біздің көшедегі жоғалған балалардың барлығының жанын, рухын молда ата жынға беріп жіберіп, қызметіне жыландарды алып қалыпты», - деген әңгімені де бұрындары ата-анасынан көп естіген. Енді сол естігендеріне сенбей, қорқынышын жеңіп, молда үйінің есігін қағуына тура келді.

Түпкі бөлмеден жөткірінген шалдың тамақ қырылы естіледі. Сондай жағымсыз. Амал жоқ, ойындағысын жүзеге асырып, қалай болса да мысығын аман қалдырып, үйін жыландардан құтқаруы керек. Қуанышына орай, молда ата үйінде екен. Көрген-білгенін айтты да, көмегі үшін қолда барын беретінін жеткізді.

«Бірақ, абайла, қызым! Жыландардан құтқаруымның құны қымбат болады. Өміріңнен де «қымбатыңды» алуым мүмкін», - деді қиқар молда. «Ой, ата, сіздің жолыңызға бар байлығым садақа! Сізден ештеңе аямаймын. Біздің үйге тезірек жүріңізші!» - деді шарасыз қыз.

Молда оның айтқанына көнді. Қалағанын орындатып, мысығын аман алып қалып, үйін жыландардан тазартқан жүкті әйел енді жеңілдейін деді. Бар аңсары – ұйқы. Көзі бағанадан бері жиналмаған төсегіне түсті. Ішінен «Төркіні жақынның төсегі жиылмайды»деген рас екен ғой» деп күлді де, «көздерімнің ұйқысы келіп тұр» деп өзімен-өзі күбірлеп, басымен жастыққа күмп берді.

Сәлден соң оянса, іші босап қалғандай. Абыр-сабырда аяғы ауыр екенін ұмытып кетіпті. Бұның ішіндегі баласының жанын көрші молда әлгі көмегінің өтеуі ретінде жыландарға сатып жібергенінен бейхабар. Қара басы жыландардан аман қалғанына мәз.

Әне, молда ата мола жаққа асығып барады. Бәлкім, әлі дүниеге келмеген нәрестенің рухына арнап Құран бағыштамақ болған шығар, кім білсін...

Шапағат СЕРДӘЛІ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары