Менің басымнан өткен ұмытылмас қорқыныш. Сол күні мен ауылдан қалаға өз көлігіммен жолға шыққан болатынмын. Ауылға інімнің туған күніне барғам. Қонамын деп жоспарлаған болатынмын, бірақ, басқа жағдайға байланысты түнгі сағат 12-де жолға шығуға тура келді.
Ауыл мен қаланың ортасы 2-3 сағаттық жапан даламен жүретін жол болатын. Жолда ұйқым келіп, әлсін-әлсін көзім жұмыла берді. Сондықтан радио қосып, сергек болу үшін 1-2 аузыма «кофейный конфет» салдым. Біршама уақыт өткен соң алдымнан әйелдің бейнесі көрінді. Бет-жүзін көре алмадым, себебі, алға қарай жүріп барады. Қасынан жаймен өте шығып кете бергім келді, бірақ, кім білсін қыз бала, қандай да бір жағдай болған шығар, алып кетейін, әрі жолда әңгіме айтатын да адам болады деген оймен 5-6 метрге тоқтадым.
Мен тоқтаған бойда қыз да жүрісін тоқтатты. Артқы айнаға қарағанымда, қыздың киінгені біртүрлі көрінді, ақ ұзын көйлек, басында орамал. Неге тоқтап қалғанын түсінбедім. Оған ешқандай қатер төнбейтінін айтқым кеп машинадан түстім. Сосын дауыстап: "Сізге көмек керек пе? Жеткізіп салайын ба?" - деп сұрадым, бір жағынан бет-жүзін көргім келді, бірақ, қараңғыда дым көрінбеді. Ол үндемеді.
Сол мезетте менің бойыма қорқыныш ұялады, "Ол кім өзі?". Мен жаймен қайта машинаға отырдым, есік жауып жатып тағы сұрадым: "Мен кеттім, сізге шынымен көмек керек емес пе?". Сол сәтте қыз алға қарай жылжи бастады. Мен қорқайын дедім. Ол тез қадаммен жақындай түсті, орамалынан бет-жүзі көрінбеді. Сол сәтте көліктің артқы шамынан оның қолдарын көрдім, қолы ап-арық, тіпті, сүйек дерсің, түсі бозғылттанып, тырнағы ұзын әрі лас еді.
Менің бойымды қорқыныш биледі. Көлікке отыра сала, барлық есіктерді құлыптап тастадым. Жүрегім кеудемнен шығып кетердей, қолдарым дірілдеп, оң жаққа басымды бұрғым келмеді. Себебі, есік алдында сол бір мақұлық тұр еді. Кенет көлік қызбай қалды.
ТУК-ТУК-ТУК. Ол терезені соға бастады, мен отырған күйі қорқыныштан қатып қалдым, терезеге қарағаным сол еді, қыз деп ойлаған нәрсе жігітке ұқсас, тіпті, айыру мүмкін емес. Ол қап-қара көздерімен маған тура қарап тұрды, бет терісі солып қалған, көгерген, тістері ұзын, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес мақұлық еді.
Мен қолым дірілдеп, кілтті бұрап, көлікті қыздырдым. ТУК-ТУК-ТУК. Тағы соқты. 2-3 минуттан кейін жылдамдық жүзден асты, баса бердім. Сосын сәлде болсын өз-өзіме келдім. Бірақ, бұл ұзаққа созылмады, он жақтағы терезеден біреудің маған қарап тұрғанын сездім, жылдамдық 150 км/сағат болатын. Бірақ, ол жанымда жүгіріп келеді. Менің көзіме жас келе бастады, көлігімнен дауыстап тез жүруін сұрадым.
Маған бұл мақұлық бір сәтте терезеден секіріп кіріп, мені жоқ қылатындай көрінді. Оған қайта қарауға батылым жетпеді. Осылай қанша жүргенімді білмеймін, әйтеуір, қалаға жақындап, айналамда көліктер пайда болғанын көріп, жеңілдеп калдым. Сонда да оянып кетіп, бұның бәрі түс болғанын қаладым. Жоқ, бұл - шын. Мен қала ішіне кіріп, өз үйіме жақындадым, 5-қабатта тұрамын. Көлігімді тұраққа қойып, шықпай, айналама тағы қарадым. Жақын жерде бір топ жастар жүр екен, соларды көріп, бойға батылдық жинап, подъезге кіріп, үйге жеттім. Үйде жалғыз тұрамын. Тездетіп ұйқыға жаттым. Кенет...
Даладағы көлігімнен сигнал ойнап жатты. Оянып кеттім. Жаңағы жастар шығар деп кілтті алып терезеге жакындағаным сол еді, көргенімнен қолымдағы кілт жерге түсіп кетті. Көліктің жанында тұрған сол еді, жаңағы мақұлық. Оның назары - менің тереземде. Мен келесі бөлмеден фотоаппарат алып, оны түсіріп алдым. Ол сол күйі маған қарап тұрды. Мен өз-өзіме келу үшін жуынатын бөлмеге бардым, бірақ, жетпей жатып, есіктің ар жағынан біреу тырнап, таныс дауысты естідім: ТУК-ТУК-ТУК.
Сол түні мен ұйықтай алмадым. Әр түні мен терезеге қараған сайын ол тұрады. Ол мені қалайда қолына түсіреді...
Армангүл НҰРЛАНҚЫЗЫ