$ 494.87  520.65  4.91

Адамдар арасындағы ібіліс

Санаға сыймас жындардың жымысқы әрекеті мен өзі өмір сүретін ортадағы «адам арасындағы ібілістердің» торынан құтылудың бір жолы –  «иманға келу» деп ұқты.

Жиһангез таң азанымен Астана әуежайынан ұшатын номері 1 рейсті күтіп отырған. Кенет дәл арқа тұсынан әлдебіреудің дауысы елең еткізді. Сәл бұрылып артқа қарады. Өз көзіне өзі сенбей жаңа ғана естіген тамаша ойлар кішкене баланың ішкі жанайқайы екендігіне көңілі сенер емес.

Ол әкесіне қарап, «әке қазіргі таңда қарттар үйі және жетімдер үйі көп. Солардың бәріне ата-аналардың өздері кінәлі. Олар кішкентай кездерінен балаларын соған дайындап жатқанын  байқамайды да. 

Мысалы, ойналып қараңыз! Балаға бір зат уақытында қажет болды делік. Оны әке-шешесі «баламнан аяп не көрініпті, балам ешкімнен кем болмасын» деп бәрін алып береді. Уақыт өте келе ол заты бұзылса, жаңасын әпереді. Әлгі дүниенің әлі де іске жарамды екендігін елеп-ескеріп жатпайды. Барады да, қоқысқа лақтыра салады. Бұл жағдай өмірінде бір емес, бірнеше рет қайталанғанын көрген бала санасында жарамдылық мерзімі өтіп, көнерген заттан міндетті түрде құтылу керек екен деген оймен өседі. Ержетіп, өз қолы өз аузына жеткен кезде, мәпелеп өсірген қос бәйтерегі де қартаяды. Өз бастарына қараудан қалады. Осындай жағдайда бала әке-шешесінің бұрын істегенін есіне алып, қарттар үйіне өткізеді. 

Дүниеде адам барлық нәрсеге, тіпті, тірі пендеге салыстырмалы түрде қарайды. Жай ғана адам бойындағы бір жақсы, не жаман қасиетті көрсек, мынау мынаған қарағанда әлдеқайда артығырақ, сабырлы, не қатігез деп  тон пішеміз», – деп балақай алысқа мұңлы жанарын қадап ұзақ отырды. 

...Бұл көзқарас әлі де жалғасар ма еді, егерде әуежай қызметкері  екеуінің жүретін мезгілі болғандығын ескертпегенде. 

Хабарландыруды естіген жұрт өре түрегелді. Бұларды сыртынан бақылап отырған саяхатшы қыз да алға адымдай жөнелді. Жол дорбасын сүйрете ұшақтағы өзіне тиесілі орынға кеп жайғасты. 

Терезеден сыртқа телміріп, әлгіндегі ойға ой қосылып, терең ойға түсіп кеткен. Жанына келген өзімен жас шамалас, бірақ, басқаларға қарағанда ерекше стильде киінген замандасын да байқамады. 

Ақ шағыл бұлттар әуе кемесі жоғары көтерілген сайын «кел-кел» деп қолбұлғайтындай. Жол алыс болғандықтан, ұйқы құшағына енген саяхатшы қыз өзін қоршаған бір топ адам бола тұра жалғыздықты, қараңғылықты сезінді.

Межелі жерге жеткен кезде табан асты дуылдап қоя берген. Аяқ астының қатты ауырғанынан жан дауысы шыға қалай айқайлап жібергенін өзі де байқамай қалды. 

Сөйтсе, әлгінде жанына отырған стильді жігіттің қалың ескі кітаптары бұның аяғына түсіп кетіпті. Жалма-жан еңкейе берген жігіттің желке тұсындағы көз мөлшеріндей меңге назары ауды.

Сол сәт бұның санасындағы дүниенің астаң-кестеңі шықты. Ми қыртыстарында жасырын қалған ескіліктің қалдықтары сілкіне қалды. Белгісіздік пен бейтаныс адамның бойындағы бұған мәлім жанмен бірдей көлемдегі меңнің дәл бір жерде орналасқанына таңданып келеді.

Өмірде кездейсоқтық боларына сенсе де, дәл мына жағдайға беймарал қарай алмайды. Олай етсе, алыста қалған сағынышы «мен өзгеріп кетсем де, сен  ешқашан өзгерме» деп бұйрық беретіндей көрінеді.

Бір сәт санасын меңдеген ойлардан арылғысы келіп, жол жиегіндегі орындыққа қисая кетті. Ұшақта көргенін ақыры кездейсоқтыққа балады. 

Жолға шықпастан бұрын әуежай бекетінде тұлымшағы желбіреген кішкене балақайдың ақылды ойларын есіне алды.

Шынында да қоғамдық сананы меңдеген біліп және білмей жасалатын қателіктердің шырмауына тұтылды. 

Жаңбырдың суынан денесі тітіркене саябақ ішіне бой тасалады. Санаға сыймас жындардың жымысқы әрекеті мен өзі өмір сүретін ортадағы «адам арасындағы ібілістердің» торынан құтылудың бір жолы –  «иманға келу» деп ұқты. 

Мына әлемді өз санасындағы уақыт пен кеңістікке сыйдырған ұлыларды көз алдына елестетті. Өз танымдарындағы кеңістік пен уақытқа өз заманының кейіпкерлерін, дәуір шындығын сыйдырса да, өздері сыймаған жазушылардың ойын оқуға асықты.

Қоғамын өзгерткісі келіп жанталасқан жанкештілердің жан жарақытына ем болғысы келді. Адамзатты сана дағдарысынан құтқару үшін жанталасты. Бірақ, ол кезде бұл ұқсас меңді адамды өзінің өткен өміріндегі жақын адамы екендігін білген жоқ. Білуге де тырыспады...

Онысы жақсы болды да, себебі, оны білсе, адамдар арасындағы ібілістен мәңгілікке құтыла алмай қалар еді.

Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары