$ 494.87  520.65  4.91

Оның аты – Көрбақ: Бөрібай әулетінің мәйіттерін жеген құбыжық туралы не білеміз?

Бөрібай өлгесін сол үйтамға жайғастырады. Екі-үш күн өткенде, Қожаназар ишан мешітте намаз оқып отырғанда оң қолын оң жағына сілтеп қалады.

Қазақша сөздің бәрі ескі. Бірақ сол сөзді айтып жүрген жаңа жұрт. Қазақы таным-түсініктің бір сипаты – мағынасы ауырлау сөзді «жаман сөз» деп қысқа қайыратыны. Сондықтан ескі сөздің көбінің түпкі мағынасы бүгінгі жұрт үшін тым көмескілеу көрінеді. Бұл әлдебір сөздің немесе сөз тіркесінің мағынасына қатысты дау тудыратыны заңдылық. Біздің әңгіме сондай сөздің бірі туралы.

Көрбақ деген сөз бар. Шынын айтсақ, жақсы мағынасы жоқ сөз. Бірақ, бұл сөзді қарғыс ретінде қабылдау қателік болса керек. Әсіредіншілдеу бір ағамыз:

– Қазірдің өзінде қолданыста жүрген «көрбақ» деген сөзді құлағым көп шалады. Әлхамдулиллаһ, өз адресіме аталмыш қарғысты естіп көрген емеспін. Мұны айтып отырған ана өз баласының жетім қалуын тілегендей әсер қалдырады. Өзіне және сүйіп қосылған жарына мезгілсіз өлім сұрап, баласының тұл жетім болып, көрді төңіректеп, тентіреп кеткенін қалағаны қалай?! - депті.

Яғни, жұрттың көбі бұл сөзді «көрді төңіректеп жетім қалғыр» деген мағынадағы қарғыс ретінде түсінеді. Қайсар ақын Зейнолла Шүкіровтың прозалық шығармаларының ішінде «Көрбақ» деп аталатын  әңгімесі бар. Ол әңгіменің өзінде көрбақ сөзі жоғарыдағы түсінікпен мазмұндас сипатталады. Анығында бұл сөздің мағынасы одан әлденеше есе ауырлау. «Көрбақ» сөзі – көрге түсіп, жаңа қойылған мәйітті жеп күнелтетін құбыжықтың атауы. Бір сөзбен айтқанда, мифологиялық кейіпкер.

Дегенмен, оның мифологиялық кейіпкер емес, өмірде бар немесе бір замандары болған жанды нәрсенің атауы болуы да мүмкін. Бұлай деуімізге Қ. Райымбаевтың кітабындағы Қожаназар ишан туралы ел арасында тараған көптеген әңгіме-аңыздардың деректері арасынан кезіктірген мына бір әңгіме себеп болып отыр.

Қожаназар көріпкел, аруақты адам болған. Жынданған, талма ауруларды, басқа да түрлі ауру екенін, неше адам, не ойлап келе жатқандарын біліп отырған. Келгендерді емдеп сауықтырады. Әлі күнге дейін оның бейітіне ауырғандар барып түнейді, басында түнеуханасы бар.

1905 жыл шамасында Қожаназар ишанға орта жүзден Бөрібай деген байлығы мол кісі келіп:

– Менің жеті атамнан бері қарай өлгендерімізді жерлегеннен соң, көрбақ жеп құрта берді. Содан құтылу үшін Сіздің елге көшіп келіп, Сіздің маңайыңызда болуға рұқсат етіңіз! Сіздің сауабыңыз тиер. Сол бәледен құтылар ма екенмін? – дейді.

Ишанның рұқсатымен Бөрібай көшіп келгесін Сырдарияның жиегіндегі Қожаназар ишан мешітінен бір шақырымдай жерден қыш кірпіштен үлкен үй-жай салдырады. Ол әлі бұзылған жоқ. Бөрібай өлгесін сол үйтамға жайғастырады. Екі-үш күн өткенде, Қожаназар ишан мешітте намаз оқып отырғанда оң қолын оң жағына сілтеп қалады. Намаз біткесін молдалар не болды деп сұрағанда:

– Келді әлгі пәле, Бөрібайға! - депті Қожаназар ишан.

Үйтамға келгендер көрбақтың бел ортасына дейін қазып кірген жерінде екі бөлініп қалғанын көреді. Қожаназардың бейіті де сол үйтамнан 100 метрдей жерге салынған.

Әңгіме аңызға көбірек ұқсағанымен, бұрынғы түнек заманы үшін бәрі мүмкін екенін ұмытпаған дұрыс шығар. Ең бастысы, «көрбақ» сөзінің жақсы мағынасының жоқтығында.

Биболат САҒЫНДЫҚҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 2
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары