$ 447.4  477.55  4.76

«Сені иектеп жүрген қара пәле»: жапандағы жалғыз үйде болған оқиға

Ырылдап жүрген мысығымыз столдың астына кіріп кетті. Оны да бауырымызға басып алайын деп стол астына қол соза бергенімде, майшам жалп етіп өшіп қалды...

Біз ауылдан 7 шақырым қашықтықтағы қыстауда мал бағамыз (мал болғанда да өзіміздің жекеменшік 15 ірі қара, 7 жылқы, жүз шақты қой ғой). Электр жарығы жоқ жапандағы жалғыз үй. Қас қарайғанда майшамның жарығымен тамақтанып алып, жата қаламыз. Барлық ауыл тұрмысына тән, күнде қайталана беретін қоңыр тірлікпен таң атады, кеш батады сол.

Бірде үйіне қаладан сыйлы қонақтар келіп, жездем «солармен бірге дәм татыңыздар» деп, түстен кейін ата-анамды ескі УАЗ-ымен ауылға алып кетті. Олар 3 жасар қарындасымды өздерімен бірге ілестіре кетіп, үйде 7 жастағы інім екеуміз ғана қалдық. Сол кезде өзім 10 жаста едім.

Кетерінде әкем: «Алла жазса, біз бүгін кешке, болмаса, ауылға қонып, ертең түске дейін келеміз. Малдарды үйден өте ұзатпай, жуалы түбекке өргізе салыңдар», - деді. Шешеміз де зыр жүгіріп, ұсақ-түйек заттарын ана жерден бір, мына жерден бір жинап ала жүріп, өзінше кешке түстен қалған тамақты жылытып жеуді, іштен есіктің тиегін іліп алып жатуды тапсырып әуре...

Кешке жақын інім екеуміз өрістен айдап әкелген малдарды орын-орнына жайғастыра қамап келіп, тамақтанып, төртбұрышты шағын столдың екі жағына жантая кеттік. Мен майшам пілтесінде өлімсіреген болмашы жарыққа жақынырақ отырып, ескі кітапты парақтаудамын. Інім мұрны пыш-пыш етіп, өз бетінше бірдеңелермен ойнап жатыр.

Кенет қос шымылдық арасындағы саңылаудан сыртқа қарап, көзін еріне ашып-жауып терезе алдында пырылдап жатқан тарғыл мысығымыз өз-өзінен баж ете қалды. Жерге секіріп түскен ол желке жүні күдірейіп, ырылдап жүр. Төрт аяғы дір-дір етеді. Оның әлгі ащы дауысынан селк ете қалған біз бір-бірімізге тығылып, үрпейістік те қалдық. Іштегі жатын бөлмеде әкемнің ескі мылтығы бар болатын. Соны алайын деп ойласам да, бойды қатты билеген үрей орнымнан қозғалтар емес. Оған қоса, үңгірше үңірейген қараңғы бөлмелерге қарай өтетін жүрек жоқ. Майшамды ұстасам, қолым дірілдеп, оны құлатып алатын сияқтымын. Ал қара терге малшынған інім ыңырси жыламсырап, бауырыма тығыла түсті.

Сөйтіп отырғанда, ырылдап жүрген мысығымыз столдың астына кіріп кетті. Оны да бауырымызға басып алайын деп стол астына қол соза бергенімде, майшам жалп етіп өшіп қалды. Құдды, біреу әдейі үрлеп өшіргендей лап етіп барып сөнді. Інім екеуміз қапсыра құшақтасқан күйі артқа ыршып кетіп, үрпейісіп, бұрышқа жабыса түстік.

Екеуміздікінен бөлек, тағы бір адамның демі шыққандай. Иә, қарсы алдымызда үлкен адам отырған сынды. Дем алысы анық естіле бастады. «Піссіміллә» дейін десем, тілім күрметіліп қалған. Жүрегімнің дүрсілі өзіме тарсылдап естіліп жатыр.

Бір кезде біреу бір тіземе алақанын қойды. Інім де, мен де не жылай алмай, не айқайлай алмай, демімізді ішке тартып, қимылсыз қалдық. Өйткені, қарсы алдымызда еңгезердей біреудің қара сұлбасы екеумізге үңіле қарап тұр еді. Ал мысығымыздың бар-жоғы белгісіз. Үнсіз қалды.

Сол сәтте сыртқы есік қағылды. Дүңкілдетіп әкетіп барады. Біз одан сайын шошып, құшағымыз қарысқан күйі «тірі өлік» болып отырмыз. Бірақ, алдымыздағы ірі қара сұлба жоқ.

Есіктен кейін терезе қағылды. Сонда ғана стол астынан шыққан мысығымыз аяғымызға оратыла бастағанда, інім одан шошынып, бақырып жіберді. Онымен қоса, сырттан «Әй, Еркін, есікті ашыңдар!» - деген шешемнің дауысы естілді. Қатты қуанғаннан ба, қорыққаннан ба, білмеймін, мен талықсып бара жаттым...

Есімді жисам, қасыма туыстарымның бәрі жиналып қалыпты. Оларға есікті қараңғыда сүрініп-қабынып жүріп інім ашқан екен. Дабыр-дұбырдан жалғыз-ақ естігенім – шешемнің қолымды уқалап отырып, әкеме айтқан: «Анау сені иектеп жүрген қара пәле енді балаларды мазалай бастаған екен ғой!» - деген сөзі ғана.

Келесі күні есімді жисам, көрші ауылдағы молданың үйінде екенбіз. Ол менің ішіме кіріп кеткен алып жынды әрең шығарыпты. Өз ауылымызға қайтып келе жатқан жолда қасымдағы інім: «Сен кеше үйге папалар келіп есіңді жиғызғанда, үйдің қабырғасынан төбесіне өрмелеп кеттің ғой. Жездем мен шопыр Құран оқып жүріп зорға ұстап, байлап тастады. Өзіңе жабылып жатқан папам, жездем, шопыр бәрін жан-жаққа лақтыра салдың. Күшің көп болып кетті», - дейді.

Ғали ТӨЛЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары