$ 443.37  474.49  4.83

«Бұл жiгiттiң денесiнде өмiр сүрген ұнайды.»: үсті-басын түк басқан 2 қыз досымның бағын байлап жүр

Сүт пiсiрiмдей уақыт өткен кезде тiзесi онсыз да дiрiлдеп отырған Болатбек кескен теректей шалқасынан құлап түстi. Аузынан ақ көбiк ағып, жан тапсырған адамдай, қимылсыз қалды. Осы сәттi күтiп отырғандай, молда қызылға түскен қырандай қомданып үстiне төне түстi. Оң қолымен оның маңдайынан қапсыра ұстап, құран оқуын жалғастыра бердi.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Түн қараңғылығын жамылып, жалбыр шашты бiреулер той жасап жатыр. Адамдарға ұқсамайды. Ергежейлiлер елiнен келген елшiлер сияқты, бойлары бiр-ақ тұтам. Өздерiнше ән айтып, би билеп, той көрiгiн қыздыра түскен. Ортадағы лаулай жанған отты айнала қоршай, бақадай талтаң басып, серкедей секең қағып, секiрiп жүр. Мәз-мәйрам. Қойша жамырап, қозыша маңырап, ду-ду, гу-гу етедi. Үстi-бастарын түк басқан қыз кейпiндегi екi албасты Болатбектi қос қапталдай құшақтап алған, сиырша жаланып, кенеше жабыса түседi. Ол сытылып шықпақ боп, алға қарай ұмсынса, қасындағы қандықол қарақшы иығынан басып, тырп еткiзер емес. Бiр кезде сәл босанып, орнынан тұра бергенi сол едi, сақал – шашы жалбыраған бадырақ көз бiреуi бар дауысымен аузы-басын қисайта баж ете қалды.

– Аа... ааа!..

Болатбек өз дауысынан өзi шошып оянды. Бастырылып қалған сияқты, өне-бойы дел-сал. Терезеден шашырай төгiлген күн сәулесi денесiн қыздырып, терлеп-тепшiп жатыр екен. Оң жағына қарай аунап түсiп, етпеттей жатты да, есiне әлдене түскендей, басын оқыс көтерiп алып, жаймен орнынан тұрды. Керiле-созыла жүрiп, жуынып-шайынып алды да, жападан жалғыз сопиып отырып шайын iшiп, жатын бөлмеге қайта кiрдi. Теледидарды қосып, жиналмаған төсегiне қайыра қисая бергенi сол едi, қоңырау шылдыр ете түстi. Ерiне басып барып, есiк ашты. Еркiн досы екен, тойға баратындай, сыптай боп киiнiп алыпты. Екi езуi екi құлағында, ыржаң-ыржаң етiп, ыржалақ қағады.

– Амансың ба, бауырым! – дедi ол табалдырықтан аттай бере, – Қал-жағдайың қалай?– Жаман емес!

– Дайынсың ба?

– Дайынмын ғой! Бiрақ... – дедi Болатбек күмiлжiңкiреп.

– Не, бiрақ?..– Бармай-ақ қойсақ қайтедi?!– Досым-ау, бұл маған керек дейсiң бе?! Саған керек қой! Сақалың сапсиып қырық беске келгенше сүрбойдақ боп, жүдеп-жадап жүрiсiң мынау!.. Жалғыздық Құдайға жарасуы мүмкiн, саған жараспайды. Барып, жолыңды аштырып алсаңшы!..

– Бiлмеймiн, бiртүрлi жүрексiнiп тұрғаным...

– Жүрексiнетiн несi бар?!. Молда деген аты болмаса, ол да өзiмiз сияқты қазақтың қара баласы. Жасы бiзден де кiшi. Өзi бiр сондай қарапайым, елпiлдек жiгiт. Сауд Арабиясынан оқып келiптi. Төрт-бес жiгiт барған екен, тылсым күштiң құпиясын тек осы жiгiт қана меңгерiп қайтыпты. Айтсам, сенбейсiң ғой, кереметiн барған соң, өз көзiңмен көресiң! Жүр ендi, ерте күндi кеш қылмай, барып келейiк.

– Не iстесем екен, а?! 

– Қабырғасымен кеңескендей, ойлана терезе жаққа көз салды.

– Не iстесем екенi несi! Барамыз! Кеше өзiң ғой, барып-қайтайық деген. Әйтпесе, бүгiн... Көп сөздi қой! Жүр, жинал! Жаныңды алады дейсiң бе, қайта жолыңды ашып бередi – дедi Еркiн бастырмалатып.

– Жарайды, болмадың ғой! Жалпы осы емшi, молда, бақсы-балгер дегендерге сенбеушi ем. Мүмкiн...

– Не мүмкiн?

– Мүмкiн, сенiкi де дұрыс шығар!..

– Әрине, дұрыс!.. Мен саған жаманшылық ойлайды дейсiң бе?!.

– Бiлем ғой! Кеттiк онда!..

Екеуi әңгiмелесе жүрiп, сыртқа шықты. Дала қапырық, күн ми айналып жерге түсердей шыжып тұр. Ыстық адамның еңсесiн езiп, тынысын тарылтып жiберетiндей, жанға жайсыз әсер етедi.Еркiн жол жиегiндегi талдардың көлеңкесiнде тұрған көлiгiне келiп отырды да, жаймен оталдырып, орнынан қозғала бердi.

– Талғардағы орталық мешiттiң имамы дедiң бе? – дедi Болатбек бәрiн алдын-ала бiлiп алғысы келгендей, үзiлген сөздi қайта жалғап.

– Иә, Талғардың орталық мешiтiнiң имамы, – дедi ол алдыңғы жақтан көзiн айырмаған күйi.

– Жақсы танисың ба?

– Иә, жақсы таныспын. Өзiң бiлесiң, ана бiр жылы Сәкен досымыз да қатты ауырды ғой!.. Сонда оны да қояр да қоймай апарғам. Алғашында ол да сен сияқты «бармаймын, сенбеймiн» деп әлек салып едi, артынан рақметiнайтып, алғысын жаудырмады ма?!. Әлi-ақ, сен де риза боласың!

– Шыныңды айтшы, Сәкеннiң бойында жын болғаны рас па?

– Рас болғанда қандай! Сен әлi сенбей жүрсiң бе, не?

– Сенгiм келсе де, бiртүрлi сенiмсiз сияқты. Жын адамның қай жерiнде болады екен?

– Мен оны қайдан бiлейiн. Бiлгiң келсе, барған соң молдадан анықтап сұрап аларсың. Сәкеннiң бойында жын болғаны рас. Бiреу емес тағы, үйiрлi жын иектеп алыпты. Бақандай бесеу. Төртеуi ал­ғашқы күнi-ақ шығып кеттi. Олардың да басшысы болады екен ғой! Мықты бол­ған соң, басшы болады да. Сол басшы жын молдамен үш күн тайталасып, әрең шықты. Сәкен содан берi бойым да, ойым да жеңiлдеп қалды деп қуанып жүр ғой!.. Ауыруы да тас тиылды.

– Шын ба?

– Мен саған қашан өтiрiк айтып ем?! Мiне, жол үстiнде келе жатырмын ғой, өтiрiк айтсам, оңбай қалайын. Тiптi Алланың атымен айтайын, шын сөзiм.

– Олар адамның денесiне қалай кiрiп алады екен?

– Дәл бiлмеймiн. Имамның айтуынша, адам қатты есiнегенде, қатты құмарланғанда немесе қатты ашуланғанда аузынан кiрiп кетедi екен. Көбiнесе лас орындарда, жаман жерлерде, күл-қоқыстарда жүредi дейдi.

– Көрдiң бе, өзi?

– Ненi?

– Жынды.

– Жоқ, көрдiм деп өтiрiк айта алмаймын. Молданың болмаса, менiң көзiме көрiнбедi. Көзге көрiнбесе де, адамдармен қабаттаса, қапталдаса өмiр сүретiн көрiнедi. Кәдiмгi өзiмiз сияқты, өздерiнше ғұмыр кешедi дейдi. Кейбiреулерi адамдармен бiрге үйде тiршiлiк етсе, кейбiреулерi өздерiнше үй-жай салып, отбасын құрып, ұрпақ өрбiтiп, елсiз мекендерде, тау аңғарларында, үңгiрлерде тұрады екен!.. Алла оларды адамдардан да бұрын оттан жаратыпты. Тiптi, оны айтасың, кейбiр дiни кiтаптарда жындар мен адамдардың қосылып, балалы болғандары туралы да айтылады! Керек десең, кезiнде адамдар Аллаға қалай сыйынса, жындарға да солай бас ұратын болған. Олардың кесiрлерiмен бiрге, қайырымдылары да болады дейдi ғой!.. 

Бiздiң ауылда Құйқабай есiмдi молда болған. Сол кiсi бiр күнi кешқұрым көк дөненi мен желе жортып келе жатса, артына шайтан мiнгесiп алып, түспей қойыпты. Әбден ыза болған ақсақал шайтанды ағашқа байлап қойып сабапты. Содан шайтан жалынып-жалпайып, кешiрiм сұрап , әрең құтылған екен. Бұл оқиға ауылдан-ауылға аңыз боп тарап кеткен едi. Ол кезде бiз баламыз, онша сене де, мән де бере қой­ған жоқпыз. Кейiн ойлап қарасам, сол шын ба деймiн!.. Өйткенi, ол кiсi атағы елге жайылған үлкен молда болатын.

– Қойшы-ей, қайдағыны айтпай!..

– Бәлi!.. Жын-шайтандар туралы құранда да көп айтылады ғой!.. Адамдар сияқты екi аяғымен жүретiн, құстар секiлдi әуелеп ұшатын, тiптi жылан, ит кейпiнде көрiнетiн жындар да болады екен. Сәкеннiң қолтығының астындағы күлбiлтеленiп тұрған жараны өзiң де көрдiң емес пе?!

– Иә.

– Жараның ортасы тесiк, маңайы ағараңдап iсiп тұрған едi ғой! Жындар сол жерден шығыпты. Оны молда дұға оқып отырғанда өзi айтты, жындар қолтығынан шығады деп...– Сәкеннiң өзi сездi ме екен?

– Жоқ, сезбейдi-ау! Өйткенi, ұйықтатып тастайды.

– Ұйықтатып тастайды! – Болатбектiң өңi қашып, түсi бұзылып кеттi.

– Иә, ұйықтатып тастайды!..

– Неге?

– Бiлмеймiн. Әйтеуiр, молда құран оқи бастағанда жыны бар адам ұйықтап қалады да, жыны шыққан соң, өзiнен өзi оянып кетедi. Кейбiр жындар өз ерiктерiмен шығып кетедi де, кейбiреулерiн молда шықпасына қоймай, зорлап шығарады. Қазақта «Жынын алған бақсыдай...» деген сөз бар емес пе?! Сол шамасы тегiн айтылмаған-ау!

– Сонда адам ұйықтап жатқандай қыбырсыз жата бере ме?

– Молданың айтуынша, әркiмде әртүрлi болады екен. Сәкен тыпыршып шыдай алмай жатты. Әрең ұстап отырдық. Бiрақ, оянғаннан кейiн сұрасақ, «ештеңе сезген жоқпын» дейдi.

– Қызық екен! – дедi Болатбек басын шайқап. 

– Сонда ұйықтатып тастап, не iстейдi?

– Құран сүрелерiнен дұғалар оқи отырып, адам бойындағы жындармен адамша сөйлеседi. Дауысын көтере айғайлап, зiркiлдеп, неше түрлi сұрақтар қояды. Ал жындар оған адамша тiл қатып, жауап бередi.

– Қалай?

– Солай!

– Әй, осы бармай-ақ қойсақ қайтедi!.. Болатбектiң көзi шарасынан шығардай, адырайып кеттi.

Еркiн оның үрейлi жүзiне бiр қарады да, iшек-сiлесi қата күлiп жiбердi:

– Бармағаны несi?!. Мiне, келiп те қалдық. Несiне қорқа бересiң! Адамның бәрiнде бiрдей жын бола бермейдi!

– Болса ше?

– Болса, дұға оқып шығарып жiбередi. Ештеңесi жоқ. Қайта жеңiлдеп қаласың. Еркек емессiң бе?!.Неге сонша қорқасың! Мiне, келдiк. Талғардың орталық мешiтi осы, – дедi Еркiн машинасын мешiттiң ауласына қарай бұрып.

Адамдар әрлi-берлi сабылысып жүр. Көбiсi сақалдары қарнына түскен жас жiгiттер. Ұзын етек көйлек киiп, бастарына орамал тартқан қыз-келiншектер де көрiнедi. Екеуi алдымен әжетханаға барып, дәрет алды да, iшке кiрдi. Молда кабинетiнде жалғыз отыр екен. Еркiндi көре сала орнынан атып тұрып:

– О, Ереке, қайдан жүрсiз! Сiздi де көретiн күн болады екен-ау! – деп құшағын жая амандасты. 

– Қалайсыз, күйлi-қуатты жүрiп жатырсыз ба?Болатбек табалдырықтан аттай бере көздерi жыпылық қаға состиып тұрып қалды. Түрi бозарып, қабағы салбырап кеткен. Молдаға жәутеңдеп қарай бередi.

– Сәлеметсiз бе? – дедi сыбырлай тiл қатып.

– Амансыз ба? Келiңiз, отырыңыз! – дедi молда сыпайылық танытып.

Еркiн жайғасып отыра берiп, молданың қас-қабағын бажайлап алды да:

– Дәке, хал-жағдайларыңыз қалай? Мал-жандарыңыз аман ба? – деп суыртпақтап сөз бастады.

– Аллаға шүкiр! – дедi молда қысқа қайырып.

– Дәке, мына жiгiт менiң институтта бiрге оқып, қара нанды бөлiп жеген жан досым едi. Сiзден несiн жасырайын, бағы бiр ашылмай-ақ қойды. Кейiнгi кездерi сайтансуға да көбiрек үйiрсек боп кеттi. Осы жiгiттiң жолын ашып берсеңiз! – дедi Еркiн бiрден iске көшiп.

Молда аз-кем ойлана үн-түнсiз отырып қалды да, бiр кезде сабырмен сөз бас­тады:

– Егер Алла пендесiне бiр тауқымет жазса, оны өзiнен басқа ешкiм жеңiлдете алмайды. Иман айтқан, iзгi iстер жасаған, намаз оқыған және зекет бергенге қасiрет те жоқ. Бәрi де бiр Алланың қолында. Қалаған адамына патшалық бередi, қаласа одан қайтып тартып алады. Ықыласы түскенге үйiп – төгiп байлық бередi, қырына алғанды қор етiп қояды. Оның құдiретi бәрiне толық жетедi. Бар етем десе де, жоқ етем десе де, алам десе де, берем десе де, бiр Алла бiледi. Бәрi де бiр Алладан. Алланың рахымы мол. Адамды пәле-жаладан сақтайтын да, қайғы-қасiреттен құтқаратын да – бiр Алла. Адамға шипа берiп, ем дарытатын да – бiр Алла. Адамның қолында тұрған ештеңе жоқ, бәрi де бiрАлланың жазуымен болады. Бiз жай ғана себепкерiмiз, – деп ғибадат айта келiп, Болатбекке көз салды, – Қане, бауырым, не мазалайды?..

– Ендi, былай, үйреншiктi нәрселер ғой! – дедi мұңдана тiл қатып, – Басымның сақинасы бар... Кейде тiптi тұра алмай жатып қалам. Ұйқым да дұрыс емес. Көрер таңды көзiммен атыратын күндер де болады. Ал көзiм iлiнiп кетсе болды, неше түрлi қорқынышты түстер көрем. Содан күндiз ұйқы-тұйқы боп, мазам қашып, өң мен түстiң арасында жүргендей, әрi-сәрi күй кешем. Жасыратыны жоқ, кейде осындайлардан әбден мезi болып, жыным келiп, iшiп қоям.

– Жыным келiп дейсiң бе? Өзiңде жын бар екенiн қайдан бiлесiң? – дедi молда тосын сұрақ қойып.

– Қайдағы жын? – дедi көзi бақы­райып.

– Өзiң емес пе, жыным келiп, iшiп қоям деп тұрған.

– Бұл бiр қазақтың ежелден келе жатқан сыралғы сөзi емес пе?!.

– Жоқ, бұл жайдан-жай айтыла сал­ған сөз емес! Сенде бар екен! Маған қарашы, – дедi молда оған оттай жанарын тура қадап, – Өзiңдi-өзiң ұстай алмай, өзiңе-өзiң есеп бере алмай қалатын кездерiң бола ма?

– Болады. Кейде өзiмнiң iсiмнiң дұрыс емес екенiн бiлiп тұрып, әдейi солай iстеймiн.

– Неге?

– Өзiм де бiлмеймiн!

– Әне, көрдiң бе, бұл сенiң емес, сендегi жынның iсi!.. «Шайтанның шалығы шалды ма, жын қақты ма» деген сөздердi естiп пе ең?!.

– Естiгем!..

– Ендеше маған қарап, жыбырламай тыныш отыр! 

Молда оның қарсы алдына жүрелей отырды да:– Аазу бил-лаһи минаш шай-та-нир-ражим. Бис-мил-ла һир-рахма нир-рахим, – деп құран оқи бастады. Дауысы сондай әуездi, құлаққа жағымды естiледi. Мақам-ырғағы да жүрекке жылы тиедi. Ара-арасында мойнын созып, басын қақшита «Сүф... сүф...» деп жыландай ысылдап, Болатбектiң бетiне түшкiрiп қояды. Сүт пiсiрiмдей уақыт өткен кезде тiзесi онсыз да дiрiлдеп отырған Болатбек кескен теректей шалқасынан құлап түстi. Аузынан ақ көбiк ағып, жан тапсырған адамдай, қимылсыз қалды. Осы сәттi күтiп отырғандай, молда қызылға түскен қырандай қомданып үстiне төне түстi. Оң қолымен оның маңдайынан қапсыра ұстап, құран оқуын жалғастыра бердi. Бiр кезде оқыс тоқтай қалып

:– Әй, малғұн, сөйле жаның барында! Әйтпесе, жаныңды жаһанамға жiберемiн. Қанша алып болсаң да, құраннан күштi емессiң! – дедi дауысын көтерiп, – Сөйле, малғұн!.. Сөйле дедiм ғой!..Молда сөйлеген сайын сұстанып, сұрланып барады. Қас-қабағы түйiлiп, түндей түнерiп алған. Шоқтай жанған отты жанары жай оғындайжалын атып, ызғар шашады. Осы сәт болар-болмас, естiлер-естiлмес күрсiнген дыбыс бiлiнiп:

– Неғыл дейсiз? – деген күбiр естiлдi. Еркiн жалт қарап едi, ұйықтап қалған досының ауызы ояу адамша жыбырлап жатыр екен. Денесi iсiне бастаған сияқты. Киiмiнiң iшiн жел кеулеп кеткендей, көк көйлегi үрленген шар тәрiздi тырсия томпайып барады. Бiр мезет Болатбектiң екi иығы селкiлдеп, денесi оңды-солды қимылдай бастады. Жатып алып, билеп жатқан сияқты. Жаны тозақ отына күйдiрiлiп жатқандай,«Аһ, уһ... Аһ, уһ...» деп қинала айғайлап қояды.– Сөйле, малғұн! – дедi молда зiркiлдей.

– Не айтайын?!. – Дауысы жер астынан шығып жатқандай, қыр-қыр етiп қырылдайды.

– Қайдан келдiң?

– Қара түнектен. – Күшпен күшене сөйлейдi.

– Атың кiм?

– Сәма.

– Мұсылмансың ба, кәпiрсiң бе?

– Мұсылманмын.

– Реңiң қандай?

– Қара.

– Әй, малғұн, кiмдi алдағың келедi. Кәпiрсiң ғой. Мұсылман жынның реңi сары болмай ма?!. – дедi молда долданып. 

– Ендi өтiрiк айтсаң, өлтiрiп жiберемiн! Жын үнсiз қалды. Молда дауысын мейлiнше көтере құран оқи бастады. 

Бiр кезде ыңырси ышқынған дауыс естiлдi де:– Кешiрiңiз, кешiрiңiз! Ендi өтiрiк айтпаймын! – деген жылаңқы дауыс құлаққа шалынды.

– Әп, бәлем, иманға келдiң бе? Келмей қайда барасың! – дедi молда сәл жымиып, – Ұрғашы жынсың ба, еркек жынсың ба?

– Қатынбыз! Құдды Болатбек сөйлеп жатқандай, ауызы жыбыр-жыбыр етедi. Бiрақ, дауыс ауыздан емес, көмекейдiң ар жағынан шығатын сияқты. Анық емес, талып-талып естiледi. Әр сөздi сағызша созып, түсiнiксiздеу айтады. Сөйлеген сайын кеуде тұсы бүлк-бүлк етiп, бүлкiлдеп қояды.

– Қатынбыз дейсiң бе?

– Иә, қатынбыз.

– Нешеусiңдер?

– Екеумiз.

– Ол неге сөйлемейдi?

– Бұл өзi көп сөйлемейдi. Қорқақ. Қорыққанынан тiлi байланып қалған сияқ­ты.

– Өй, сұры құрсын, сұрың құрғырдың!.. Бұл жiгiттiң бойына не мақсатпен кiрдiңдер?

– Бiз оны жақсы көремiз!

– Бағын байлап жүрген сендер екенсiңдер ғой!

– Бiз бұны қатты қызғанамыз.

– Құдай-ау, кiмнен?

– Қыздардан.

– Неге?

– Екеумiз де өлердей ғашықпыз!

– Әй, бұл жiгiттiң үйленiп, үйлi-баранды болуы керек қой! Бiздi бұған некемiздi қиып, заңды түрде қосқан. Бiз бұның некелi әйелдерiмiз.

– Кiм қосты?

– Олар!..

– Оларың кiм?

– Өзiмiздiң ағайындар.

– Адамда нелерiң бар-ей! Өздерiң сияқты жындар жетпей қалды ма?!.

– Жақсы көрiп қалған соң қиын екен. Қызғаныштан-ақ өлетiн болдық. Қыздар­ға жолап кетсе болды, көзiн байлап, аз­ғыра бастаймыз. Өзiмiзше дұғамызды оқып... Содан өзi-ақ кездескен қызына көңiлi толмай, бiр-ақ күнде айнып шыға келедi. Қысқасы, дәм-тұзы жараспай кетедi. Сөйтiп, өзiмiзше меншiктеп алғанбыз бұл жiгiттi. Кейде тiптi бiр-бiрiмiзден қызғанып, қырықпышақ боп қаламыз.

– Бұл жiгiттiң адам сияқты түтiн түтетiп, бала сүйiп, ұрпақ өрбiтуi керек қой!

– Өзiмiз-ақ тән ләззатына батырып, құмарын қандырып, бала тауып беремiз!

– Тәйт әрi, тарт тiлiңдi. Екiншiлей бұндай сөз айтсаң, желкеңдi жетеңнен қиямын, антұрған!..

– Бiз..

– Болды, жетер, қысқарт сөздi!.. Оданда кәне, шығыңдар, бұл жiгiттiң бойынан!.. Неге үндемейсiңдер?!. Шығыңдар дедiм ғой, мен сендерге. Өз ерiктерiңмен шығып кетiңдер кәне. Әйтпесе, жақсылық күтпеңдер! – дедi молда аюдай ақырып, – Не шыққыларың келмей ме?!. Онда өздерiң бiлiңдер, оңбай қаласыңдар ғой, малғұндар!.. Өз обалдарың өздерiңе, көздерiңе көк шыбын үймелетемiн!..

– Шыққанда қайда барамыз?!.

– Меккеге барыңдар!

– Неге?

– Ол жақта мұсылмандар көп. Ислам дiнiн қабылдап, мұсылман боласыңдар! Мұсылмандыққа тез бейiмделесiңдер!

– Меккеде немiз бар, бұнда бәрi жақсы. Не керектiң бәрi бар!.. Бiзге бұл жiгiттiң денесiнде өмiр сүрген ұнайды. Бiздiң осында тұра бергiмiз келедi, – Сылқ-сылқ етiп, сайқалдана сықылықтайды. Күлкiсi сондай жағымсыз, құлаққа түрпiдей тиедi.

– Көп сөзді қойып, шығыңдар! Адамның денесі жындар мекендейтін мекен емес! Сендерге денеде тұрақтауға болмайды! Егер шықпасаңдар, өлтіремін! Аямаймын!..

– Шыға... мыз, шық... пай қайда бара... мыз!

– Шықпас бұрын Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар! Ұқтыңдар ма? Мен сендерге соңғы мүмкіндік беремін! Таңдаңдар!..

– Біз одан қор... қа... мыз!

– Кімнен?

– Одан!.. Ол не бұйырса, біз соны істейміз!

– Әй, ол күшті ме, Алла күшті ме?

– Ол!..

– Сендер кәпірсіңдер. Ібіліске қызмет етесіңдер. Адамдарды азғырып, теріс жолға саласыңдар. Сайтандық пен сайқалдыққа жол ашып, күнәға белшелеріңнен батасыңдар. Бұл үшін кейін Алланың алдына барғанда есеп бересіңдер! Алланың қаһарына ұшырайсыңдар! Алланың құдіреті бәрінен күшті. Одан да ақылға келіп, мұсылмандық жолды таңдаңдар! Аллаға құлшылық етіңдер!

Молданың жүзі кәрленіп, тағы да дауыстап құран оқи бастап еді.

– Ой, ау... ыр... ып кет... ті, ау... ыр... ып кетті!.. Оқы... маң... ыз... шы!.. Айт... қаның... ызды екі етпейміз! – деген жалынышты үн шықты.

– Әп, бәлем, қалай екен?! Ислам дінін қабылдап, мұсылман боласыңдар ма?

– Бола... мыз! Сіз үшін...

– Мен бар-жоғы Алланың құлы ғанамын, Алла үшін қабылда!

– Айтқан... ыңыз... ға құл... дық!

– Бұдан былай сенің есімің Зарлықыз, ал ана күндесіңдікі Үндемескүл болады, жарай ма?!

– Зарлы... қыз... Үндемес... күл...

– Иә, тап солай! Ұмытпай, жаттап алыңдар!

– Жақсы!

Зарлықыз...
– Ау?

Таң-тамаша болып, таңдай қағып отырған Еркін еріксіз езу тартып, күліп жіберді. Молдаға бір, Болатбекке бір көз салып, қайта-қайта басын шайқап қояды.

Енді шығыңдар! – Молда бұйыра сөйледі.

Қалай шығамыз?

Қалай кірсеңдер, солай шығыңдар!

– Аузы... нан кірген... біз...

– Ендеше аузынан шығыңдар!

– Қалай кірген... імізді ұмы... тып қалып... пыз, қалай шығар... ымыз... ды біл... мей тұр... мыз!

– Ендеше естеріңе түсірейін, қу қаншықтар!..

Дауыстап құран оқи бастады, тағы да ыңырси ышқынған дауыс естілді.

– Шыға... мыз, шыға... мыз!..

Молда тоқтала қалды да, дауысын барынша көтеріп:

– Шығыңдар тезірек! «Ассалаумағалейкум!» деңдер де, шығыңдар! – деді зірк-зірк етіп, – Бұдан былай адам баласын мазалаушы болмаңдар!

– Ассалаумағалейкум!..

Сол сәт молда өзінің әр қимылын қарауылша міз бақпай бағып отырған Еркінге қарап:

– Қазір шығады. Шығуға жиналып жатыр. Аузынан шығады. – деді жайбарақат кейіпте. – Жындар шығып кеткен кезде мына қасқаң да оянады.

Еркін көріп қалармын ба деген оймен Болатбектің аузына қадала қарай қалған. Жындардың «аузынан кірдік» дегенінен қорқып, өзі аузын қос қолымен мықтап жауып алды. Болатбек ештеңе сезбейтін сияқты. Пыс-пыс етіп, пысылдап ұйықтап жатыр. Алғашқыдай емес, қыбыр-жыбырсыз тыныштала қалған.

– Әне, шығып барады! – деді молда. Бірақ оның көзіне ештеңе көріне қоймады. Тек досының «аһ» деп ауыр күрсініп, аузын кере ашқанын ғана байқап қалды.

Ой, Алла-ай! – деді Еркін таңданған кейіп танытып, – Осыны біреу айтса сенбес ем!.. Құдайдың құдіреті-ай!..
Ол осы сөздерді айтып үлгермей жатып, Болатбек көзін ашып алды.

Не қалғып кеткем бе? – деді басын көтеріп. Жан-жағына жалтаңдай қарап қояды. Не болғанын түсіне алмай тұрғаны ұйқы-тұйқы түрінен-ақ байқалып тұр.
– Екеуі де шығып кетті ме? – деді Еркін молдаға қарап.

– Иә, екеуі де алды-артына қарамай зытты ғой!..

– Қайтып кіріп алмай ма?

– Жоқ, өз бастарымен қайғы боп кетеді. Мен оларды әбден қорқытып, зәрелерін ұшырып жібердім! Енді адам баласына жуй қоймас!..

Молда ештеңе болмағандай жаймен басып, өз орнына барып отырды. Еркін тағы да бірдеңелерді сұрағысы келіп оқтала берді де, досының көңіліне қарайлап, ол ойынан тез айныды. «Тағы бірде келермін!» деді өзін-өзі жұбатып.

Ал жігітім, айта отыр, не сездің? – деді молда Болатбекке қарай мойнын бұрып.
Ол ештеңе естімегендей, мелшиген күйі үн-түнсіз отыра берді. Көңіліне көп нәрсе ұялай қалған Еркін де оған сынай қарап қояды. Досы еш сасар емес, терең ойдың құшағында мәңгіріп тұрып қалған.

– Оу, жігітім, мен саған айтып тұрмын, не сездің? – деді молда сұрағын қайталап. Сонда ғана Болатбек өзіне сөйлеп тұрғанын аңғарып, бойын тез-ақ жиып алды.

– Не дейсіз? – деді алақтап.

– Не біліп, не сездің?

– Ештеңе де. Көзім ілініп кетіпті ғой!..

– Онда есіңде болсын, бойыңдағы жындарыңды шығардым! Ендігі өмірің шұғылалы да шуақты болады!

Ой, рахмет... ой, рахмет, – дей берді Болатбек сенерін де, сенбесін де білмей. Әйтеуір бір жақсылықтың боларын іші сезіп, ыржалақ қақты.
– Дәке, сізге Алла тағалам қуат беріп, халықтың құрметіне бөлене беріңіз! – деді Еркін орнынан көтеріле беріп. – Мынау азын-аулақ...

– Не ол?.. – Молда оның қолындағы екі мың теңгелікті көріп, көзіне жын-шайтан көрінгендей шошып кетті, – Қой, бауырым, қалтаңа салып қой! Мен бұндай нәрсеге ақша алмаймын! Ем қонсын, шипа болсын! Ақшаларың артылып жатса, жетім-жесірге, мүсәпірге беріңдер!

– Рахмет, сізге! Алла разы болсын!

– Жақсы. Жортқанда жолдарың болсын!

Екеуі молдамен қоштасып, сыртқа шықты. Күн сәулесін молынан шаша тас төбеге көтерілген. Тыншу. Үп еткен жел жоқ.

– Досым, шыныңды айтшы, шынымен ештеңе сезбедің бе? – деді Еркін былай шыға бере.

– Шынымен ештеңе сезгемін жоқ! – деді ол аң-таң болып. – Тіпті не болғанын да әлі түсіне алмай келемін!..

Болатбектің бақытына асыққандай, ақ «Ауди» жолындағы машиналарды басып озып, басып озып, тақтайдай тас жолмен құйындай құйғытып келеді.
* * *
Содан кейін-ақ Болатбектің бағы ашылып, жұлдызы жана бастады. Араға алты ай салмай жатып Нәзира есімді әдемі ақ аруды қолына қондырып, шаңырақтың керегесін тіктеп, уығын қадады. Жылға жуық уақыт өтер-өтпесте дүниеге маңдайы торсықтай ұл келді. Үйленгендеріне тура екі жыл толған күні қызды болып, қуаныш қуанышқа ұласты.

Қазір күйлі-қуатты. Алланың берген ырыздығын теріп жеп, ел қатарлы өмір сүріп жатыр.

Думан Рамазан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#жын #тылсым