Осы жерде әкемнен естіген бір рауаят есіме түсіп отыр. Баяғы заманда уәлаятына атағы жайылған бай саудагер базардан қайтып келе жатады. Сонда ойда жоқ оңашада оның алдынан бейсеубет үш жігіт шығып, жолын кес-кестеп тұрып алады емес пе? Сырттай торуылдап жүрген қара ниетті қарақшылар екен деп зәресі ұшқан бай сол жерде қалтасындағы бар ақшасын беріп, тезірек құтылып кетпекті ойлайды. Бірақ оны жан-жағынан қамаған әлгі жігіттер жол тосқан ұры-қарыларға ұқсамаса керек. Бәрі бет-әлпеттерін көлегейлеп, ұзын ақ жамылғыға оранып алған екен деседі. Содан орталарынан сырықтай серейген біреуі ілгері қарай жүріп, бірден байдың сақалынан уыстап, кеңірдегін жоғары қарай соза түседі де:
— Мен Әзірейіл періштемін. Сенің жаныңды алуға келдім! – деп айбат шегеді. Содан соң қасындағы серіктерін таныстыра бастайды.
— Ана жігіттер… Мүңкір, Нәңкір атты періштелер. Естуің бар шығар?
Жапырақтай қалтыраған байдың аузы-аузына жұғыспай:
— Ойбай, білемін ғой, білемін… – дегенде, көзінен жасы сорғалай жөнелсе керек.
— Білсең, сол. Сенің ақуалың өте жаман, отағасы! – деп Әзірейіл сөзін шегелей түседі.
— Сенің екі иығыңа көрінбей отырып алып, бұл жалғанда істеген обал, сауап жұмыстарыңды қалт жібермей қағазға түсірген мынау Мүңкір, Нәңкір періштелер өте жаман қорытынды жасауға мәжбүр болған…
— Сондай-ақ менің не жазығым бар екен? – деп байекеңнің сұрақ қоюға батылы жеткенге ұқсайды.
— Жазығың көп. Ең сорақысы: сенің бұл өміріңде жасаған бар жақсылығың дастарқанға шашып жіберген бір уыс тарыдан аз да, ал жаманшылығың анау үйіңде жасырулы жатқан алтын, күміске толы қанар-қанар қаптардай ауыр тартыпты, түсіндің бе? Енді бәрі бітті. Шыбын жаныңды шырқыратып, дозаққа тастайтын мезгіл туды. Ал енді кәлимаға тіліңді келтіре бер!
— О, періштелер! Менің бұл жалғанда жасаған күнәларымды жууға мүмкіндігім жоқ па? – деп бай байғұс тізерлеп отыра қалып, зар еңірейді.
— Маған азғантай пұрсат берсеңдерші?!
Мұны естігенде, қасындағы серіктеріне жағалай қарап қойған жаналғыш:
— Қайтеміз? Мынаның шыбын жанын қиямыз ба? – деп сұраса керек.
— Егер күнәлі істерінің өтеуін қайтарып жатса, ойлануға болатын шығар, – деп жауап береді Мүңкір.
— Бұдан былай сауапты тура жолға түсуге уәде берсе, несі бар? — деп Нәңкір сол арада мәмілегершілік бейілін танытады.
Періштелердің солқылдақтық ыңғайын таныған бай сәл есін жыйып, екі қолын кеудесіне қусырып тұрады да:
— Олла, біллә! Бұдан былай бар өмірімді сауапты істерге бағыштаймын, – деп ант ішеді.
Әзірейіл сонда:
— Жарайды. Бұл жолы сенің сөзіңді сынап көрейік, – деп әуелгі қатал райынан қайтады. — Бірақ, байеке, саған қоятын бірнеше шартымыз бар.
— Иә, ләпбай, құлағым сізде, ұлық періштем?!
— Біріншіден, әркімнің қорасынан арзанға сатып алған малыңды базарға апарып, үш есе артық бағаға өткізуді тоқтатасың. Шариғатта көрсетілгендей, ширек баға үстемесін қосудан асырмайсың.
— Олла, біллә! Сөйтейін…
— Екіншіден, арам пайда табу үшін бұдан былай ешкімге қиянат жасамайсың.
— Құп!
— Мәселенки, сен биыл өзіңмен іргелес отырған көршіңнің үстінен қазыға арыз беріп, жалған айып тақтың. Сондағы айтатының: қоңсыласыңның бала-шағасы жайқалып пісіп тұрған бау-бақшаңды жусатып, миуа-жемістеріңді қырып кетіпті-міс. Ал ақиқатында сенің бау-бақшаңа ешбір жау тиген жоқ еді. Өзің бір түнде бәрін арбаға тиеп, қыр асырып жібергенсің. Қазір сенің сол өз бақшаңнан өзің ұрлаған жемістеріңді анау қыр астындағы керуен сарайдағылар жеп жатыр. Солай ма?
— Иә, мені құдай адастырды, тақсыр…
— Қоңсыласыңа жала жапқандағы сенің арам ойың: мүкәмбараға ұшыраған бау-бақшаңның өтеуіне сағасы суға жақын орналасқан шұрайлы жердің бір пұшпағын иемденіп қалу еді. Қазыға жазған арызыңда сондай талап қойғансың. Әрі сол ниетіңді тезірек жүзеге асыру үшін қазыға пәлен тіллә пара апарып бердің. Рас па?
— Қазір пара бермесең, бірде-бір жұмысың бітпейді ғой, тақсыр…
— Ал Хадисте «пара берген де, пара алған да отқа жанады» деп айтылғанын білуші ме едің?
— Ауылдағы молдекеңнің аузынан сондай бірдеңені естігенім бар, тақсыр…
— Естісең, бұдан былай ешкімді параламайсың, ешкімнен пара алмайсың. Қазыға берген жалған арызыңды қайтарып аласың. Түсінікті ме?
— Құп, тақсыр!
— Әйтпесе, сен доңызды отқа тастап, жағып жіберемін!
— Олла, біллә… түсіндім. Енді менің басым бос па, тақсыр? – деп уәдені топырлатып беріп, үміт отын тұтата бастаған байға Әзірейіл тағы жекіріп тастайды.
— Менен оңайлықпен құтыла алмайсың. Сенің бұл өмірде жасаған күнәң басыңдағы шашыңнан көп! – дегенде, бұл байғұстың еңсесі түсіп кетеді.
— Мәселенки, мына сен осыдан үш жыл бұрын еккен егіндеріне, бау-бақшасына су жетпей қиындық көріп жүрген ауылдастарыңды жинап, кеңеске шақырдың. Сонда тау беткейден бермен қарай арық қаздырып, ауыл шетіне жеткізсек, суға қарық болатынымызды айттың ба? Айттың. Содан ортадан еті тірі үш жігітті шығарып, елден жылу жинауға ұйғарым жасалды. Аз уақыттың ішінде жиналған қыруар қаражатты саған әкеліп тапсырды. Сен күн жылынып, көктем шығысымен жұрттың бәрін жұмылдырып, арық қаздыруға кірісіп кетпек болдың. Содан бері, мінеки, әлденеше көктем, әлденеше жаз өтті. Сенің уәдеңе сенген аңқау ел әлі арық түгіл, қарықтың ізін көрген жоқ. Жиналған қаражат ұшты-күйлі жоғалды. Жоғалған жоқ, сен оған шәһардан зәулім үй сатып алдың. Рас па?
— Өліп қалмасам, биыл осы арықты қаздыртып беремін! Тек аман босатыңдаршы!
— Әй, осы байлардың жаны осыншама тәтті болатыны несі? – деп сұрайды Мүңкір осы арада әңгімеге араласып.
— Өйткені, олар артында қалатын дүниесін ешкімге қимайды, – деп жауап беріпті Нәңкір сонда.
— Онда былай болсын, – деп Әзірейіл қорытынды жасайды.
— Бұл жолы мына байдың жанын алмаймыз. Күнәларын жууға, қателіктерін түзеуге пұрсат береміз. Ал бірақ, бұдан былай тура жолдан аяғын сәл қия басса, өз обалы өзіне, аяушылық жасамаймыз.
Осылай қиянатшыл байды тәубасына келтіргендей болған үш жігіт былайырақ ұзап шыққан соң, үстеріндегі шұбатылған ақ жамылғыштарын шешіп тастап, өздерінің оқыстан ойлап тапқан бүгінгі оқшау әрекеттеріне ерекше масаттанып, біразға шейін күлкілерін тыя алмаса керек.
Бір кезде Мүңкір ме, Нәңкір ме, солардың біреуі есін жиып, артына қарайды да:
— Әй, осы кім кімді алдап кетті? – деп күдік білдіреді.
— Дұрыс айтасың, – деп әлгінде Әзірейіл періштенің жамылғышына оранған ұзынтұра жігіт шұғыл байлау жасайды.
— Жүріңдер, қайтып барып, байдан тілхат жаздырып алайық. Әйтпесе, ол неме бізді тағы да тақырға отырғызып кетуі мүмкін.
Содан үшеуі қиянатшыл байды қапыда тосқан кезеңді жерге қайтып барса, бай түгіл байпағы да жоқ, жым-жылас жоғалыпты. Тек биік бұтаның басында алақанат сауысқан отыр екен деседі. Кенет соған тіл бітіп:
— Ал мені ұстап ала қойыңдар! – деп шықылықтап күледі де, қанатын бір сермеп, әуелеп ұша жөнеледі...
Оразбек СӘРСЕНБАЙ
Дереккөз: newsroom.kz