19.11.2019, 16:00

«Тұншығып барам»: суға батқан жігітті әкесінің аруағы құтқарды

Кейін білдім, жағада жатқан жерімнен мені балықшылар тауып алыпты. Балықшылар бригадиры Марс деген грек шал менің тірі екенімді сезіп, тез арақпен сылап, көрпеге орап тастапты.

Адам өз басынан өтпесе тылсым күштің барына сене қоюы қиын екен. Өз басымнан өткенге дейін мен де сенген емеспін. Осыдан 22 жыл бұрын басымнан өткен осы бір оқиға мені тылсым күштің барына сендірді. 

1993 жыл аумалы-төкпелі заман басталғаны әмбеге аян. Ол барлық жерде жұмыссыздық белең алған кез еді. Елдің көбі сауда-саттыққа көшті. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегенді ескеріп, мен Айдаркөлдің жағасында орналасқан балық шаруашылығымен айналысатын совхозға көшіп бардым. Ол кезде отбасым, екі балам бар. Жастық жігер мықты боды ма, әйтеуір, тәуекелшіл болатынмын. Бұрын қайыққа мініп, балық аулап көрген емеспін. Бірақ, «несі бар, елдің жасағанын мен де жасай алам» деп бел будым. Негізі әкем балықшы болған екен. Шардара су қоймасынан балық аулап, бала-шағасын баққан. Мен дүниеге келген жылы (1962ж) белгісіз жағдайда суға кетіп қайтыс болған екен. Сонан соң анам төркінін жағалап, Мырзашөл жаққа көшіп келіпті.

Кейіннен анам ағамның қолында қалды да, мен отбасы құрған соң енші беріп, бөлек отау етіп шығарды. Екі жылдай анам тұрған ауылда тұрдық та, сосын Арнасай ауданына көшіп бардым. Алғашында сол жерде трактор жүргізушісі болып жұмыс істедім. Кейін мақта шаруашылығымен айналысқан совхоздар тоқырауға тап болды. Жұмыс орындары қысқарды. Қысқарғандар қатарында мен де бодым. Жұмыссыз қалғандар түгелдей саудаға кетті. Әкемнің балықшылығы қанымда болды ма, мен шалғай жатқан балық совхозына көштім. Ондағы ойым, совхозда жұмыс болмаса, көлден балық аулап, бала-шағамды асырау болатын.

Балық совхозына көшіп барған соң, келісім-шарт бойынша жұмыс істедім. Ондағылардың дені солай жұмыс істейді екен. Совхоз жалақы төлемейді. Аулаған балықтың үштен екісін совхозға тапсырамыз да, қалған бір бөлігін балық сатып алуға келгендерге нақты ақшаға пұлдаймыз. Айлық жалақымыз сол. Бірақ өзімізге балықтың үштен бірін емес, жасырып, жартысын алып қаламыз. Тамақты да негізінен балықтан жасаймыз. Орталықпен қатынас қиын демесек, жалпы тұрмыс-тіршілігіміз жаман емес. Енді ақша жинап, қайық сатып алу керек. Өйткені қайық болса, балықты молдау аулауға мүмкіндік туады. Қайық сатып алуға өзімнің шамам жетпейтін болған соң, ауылдас өзім қатарлы Пәрмен деген жігітпен серіктес болуға тура келді. Сөйтіп екеу ара бір қайыққа ие болдық. Ауға қажет неше түрлі торларды да сатып алдық. Жұмысымыз бұрынғыдан біршама ілгеріледі.

Пенде қолда барға қанағат қылсын ба?! Қайық алған соң, енді оған мотор алсақ деген ой келді. Моторлы қайықтың мүмкіндігі мол. Өйткені күн жылыған кезде балық жағалаудан алыс кетеді. Яғни, балық ауға мол түсу үшін, көлдің ортасына қарай бару қажет. Сондықтан тағы бір қайық пен екі моторға ақша табу керек. Сол ойымызды жүзеге асыру үшін Пәрмен екеуміз көлдің арғы бетіне өтіп, тау бөктерінен балық аулайтын болып шештік. Пәрменнің айтуынша, ол жақта бұрынғы балықшылар бригадасынан қалған вагон бар. Соны мекен етуге болады. Ол жақта балық алушылар да көп. Ойымыз сол жақта екі ай браконьерлік жасап, мол табыс табу.

Совхоз директорымен келген соң есептесетін болып келісіп, жоспарланған күні қазан-ошағымызды, көрпе-төсегімізді, ең қажет деген керек жарағымызды ескекті қайыққа тиеп, түнгі 12-лер шамасында тауды бетке алып жүзіп кеттік. Білетіндердің айтуынша, түнгі уақытта көл тыныш, жел болмайды, толқын көтерілмейді. Тауға дейінгі аралық 5-6 шақырымдай. Өз есебімізше, үш сағат шамасында жетуіміз керек. Алайда, бір сағат шамасында жүзген соң жел тұрып, толқын ойнай бастады. Алғашында сезілмегенмен, сәт өткен сайын толқын күшейіп, қайықты шайқай түсті. Толқын күшейген сайын қайықтың қозғалысы ауырлап, жүрісіміз өнбей қойды. Көлдің орта тұсына жеткенде толқын тіптен күшейіп, қайық біздің ырқымызға жүрмей қойды. Бұл менің мұндай толқынмен алғаш рет бетпе-бет келуім еді. Ендігі мақсат толқынның ығымен жүзіп, қайықты аударып алмай, жағаға шығу. Солай толқынмен арпалыс басталды.

Сәлден соң қайық мүлдем біздің еркімізге бағынудан қалды. Біздің ендігі әрекетіміз тал қармау ғана еді. Қанша арпалысқанымызды білмеймін, бір кезде қайық аударылды. Аударылған кезде қайықтан ұстап қалуға тырысқам, бірақ қайық ішіндегі жүк үстіме құлап, қолым қайықтан босап кетті. Енді өлім мен өмір арасында арпалыс басталды. Үстімдегі қалың киім су бетіне көтерілуге мұрша бермейді. Тұншығып барам. Әрең дегенде су бетіне шығып, ауа жұттым. Бұрын суда жап-жақсы жүзуші едім. Қатты толқын ба немесе қалың киімнен бе, әйтеуір, жүзе алар емеспін. Біреу аяғымнан су түбіне қарай тартып жатқан секілді. Арпалысып әлім бітті. Бір кезде су түбіне қарай батып кеттім. Қайта су бетіне көтерілуге шама келмеді. Одан әрі қараңғы түнек басталды.

Қараңғы түнекте жатыр екем. Әкем келіп, «сен мұнда неге жатсың, жүр мен сені жағалауға алып барайын» дейді. Әкем мен суретте көргендей, жап жас екен. Мен «әке, Пәрмен қайда?» деп сұраймын. Әкем «Пәрмен суға батып кетті, енді оған ешкім көмектесе алмайды» дейді. «Әке Пәрменнің бала-шағасына не деп айтам, оны тауып алып, өзімізбен бірге ерте кетейік» деймін. Әкем қатыңқы үнмен «балам, егер қазір менімен жүрмесең, сен де суға батып қайтыс боласың, жүр» деп бұйырды. Бірақ менің жүруге шамам жетпеді. Сосын әкем мені арқасына арқалап алып, жағаға алып шықты. Маған «сен балықшылар келгенге дейін тыныға тұр» деді өзі қайта көлге кетті. «Әке кетпеші» деп айғайламақ болып едім даусым шықпады.

Есімді жисам, балықшылар бригадасында жатыр екем. Үстімде киім жоқ. Бірнеше жүн одеяломен орап тастапты. Вагон іші арақ иісіне сасып тұр. Кейін білдім, жағада жатқан жерімнен мені балықшылар тауып алыпты. Балықшылар бригадиры Марс деген грек шал менің тірі екенімді сезіп, тез арақпен сылап, көрпеге орап тастапты. Арадан сегіз сағат өткенде мен есімді жидым. Мен есімді жиған соң ғана Марс шал мені көлікке салып, аудандық ауруханаға жөнелтті. Ауруханада бір жарым ай жаттым. Екі өкпеме суық тиіпті.

Пәрменнің денесі төрт күннен кейін табылыпты. Мен ауруханадан шыққан соң отбасына көңіл айтып үйіне бардым. Анасы мен әйелінің жанарында мені кінәлау бар сияқты көрінді. Мына жағдайдан кейін көлге шыға алмайтынымды, Пәрменнің отбасының алдында жүре алмасымды білдім. Сөйтіп сол жазда анам тұратын ауылға көшіп кеттім. Менің қалай тірі қалғаныма елдің бәрі таң қалды. Бірақ оларға әкемнің су түбінен алып шыққанын айтқам жоқ. Кейін ол жайлы анама айттым. Анам «сені құтқарып қалған әкеңнің аруағы, о дүниеде жүріп әкелік парызын өтеген екен ғой» деп көзіне жас алды. Ол кезде анамның ол сөзіне аса мән берген жоқ едім. Есейген соң сол оқиға жайлы жиі ойладым. Расымен де мені ажал тырнағынан арашалап қалған тылсым күш екеніне анық көзім жетті. Бәлкім, ол расымен де әкемнің аруағы шығар?! Қазір де сол оқиғаны ойлағанда, Аллаға тәубе етіп, әкеме ризашылығымды айтып, құран бағыштап отырам.

Дереккөз: Алаш айнасы