$ 494.87  520.65  4.91

«Қолшатыр ұшып барады»: әйел өлген соң да ауылда көп жүрді

Табалдырықтың астына жасырып қоятын қосымша кілтті алмақ болып қолын созып еді. Кілтті көрді, бірақ ұстай алмай қойды.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Ол өлген соң да ауылда көп жүрді. Иә, өзін жерлегендер қайтқанда солармен бірге қайтып келген-ді. Бірақ оны ешкім де көрмеді. Үйіне келсе ешкім жоқ. Ол жалғыз басты еді.

Табалдырықтың астына жасырып қоятын қосымша кілтті алмақ болып қолын созып еді. Кілтті көрді, бірақ ұстай алмай қойды. Сосын қақпаны қақпақ болып ұрып еді қолы ары өтіп кетті, бірақ еш дыбыссыз. Сосын есікті ашпай-ақ жайлап ішке кірді, өзіне еш нәрсенің кедергі болмайтынын білді. Кітаптары, киімдері, өзіне керекті барлық бұйымдары өз-өз орнында тек, қолшатыры жоқ. Қолшатырын іздеп үйдің барлық түкпірін ақтарып шықты, жоқ. Еденнің астында жатқан бір нәрсені көрді, шамасы тақтайдың жарығынан түсіп кетсе керек. Барып қарап еді Мария екеуінің суреті. Сонда барып қолшатырдың Мария екеуінің үнемі бірге баратын бақта қалғанын білді.

Суретті жоғарыға алып қоймаққа көп талпынды, дегенмен одан өнім жоқ еді. Ол тура баққа қарай тартты. Бұрынғыша көпірді айналып жүрген жоқ. Тура бара салды. Баққа кіре бере бақтың арғы шетінен енді бері шыққан Марияны көрді. Марияны көргеніне қатты қуанды. Жан пәрменімен солай қарай жүгірді. Лезде тура алдына жетіп барды. «Мария, жаным, мен келдім». Марияны бас салып құшақтады. Жоқ, Мария баяғы сол қалпы қабағы түсіп жылап кетіп барады. Ол тек бос ауаны құшып қалған еді. Қайта соңынан жүгірді, тағы сол Мария оны көрмеді. Кенет жаңбыр төпелеп жауа бастады. Бақтағы елдің бәрі бастарына қолшатырларын көтеріп, иә болмаса асығыс үйлеріне жүгірісіп жатты. Тек Мария ғана малмандай су болып жаймен басып жалғыз аяқ жолды бойлап ары-бері қыдырып жүр, үнемі қолшатыр ұстамайтын, тек мұның қолшатырының астында жүретін. Ол өзі өлер алдында отырған орындыққа барды да, орындықтың арт жағына түсіп кеткен қолшатырды Марияға алып келмек болды.

Бір-ақ ырғып, қол шатырға жетіп барды. Қанша жанталасты, бірақ қолшатырды ұстай алмады. Не істерін білмей мәңгіріп отырғанда орындыққа жас қызбен жігіт келіп отырды да, жігіт аузындағы темекісін орындықтың артына тастай салды. Шоқ тура оның алақанына түсті, алақанын қарып бара жатты. Шоқты алақанынан зорға түсірген ол қайтадан қолшатырдың сабына жармасты. Тура алақанның шоқ қарыған жері ғана сәл де болса қолшатырдың сабына тіреу болғанын сезді. Соны сезді де, бақ сыртындағы теміршінің дүкеніне қарай жөнелді. Қып-қызыл етіп таптап жатқан сом темірге алақанын басып тұрып қалды. Жанын жеп қарып барады. Бар даусымен шыңғырып жіберді. Оның даусын ұста естіген жоқ, тек қабырғадағы ілулі орамал бір желпініп барып орнына тұрды. Қайта баққа ұмтылды. Қолшатырды бас салды. Отырғандар: «Ананы қарашы, қолшатыр ұшып барады. Ылғи да осы жалғыз аяқ жолдың бойымен ұшады екен» десіп таң қалысты.

(Тақырыбы өзгертілген. Өз тақырыбы "Жалғыз аяқ жол")

Қойшыбек МҮБАРАК
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары