Кейде айналамыздан «жолымды аштырамын» деп тәуіп-балгер жағалап, біреулерге үшкіртіп-түшкіртіп жүргендерді көріп қаламыз. Олар саудасы жүрмей қалса да, баласы үйленбей, қызы тұрмыс құра алмай қалса да, бірден «жолым жабылып қалған» деген қорытынды шығарады. Жұмыстан шығып қалса, жалақысы төмендеп кетсе, кәсібінің бұрынғы қарқыны бәсеңдесе, бәрін де осылай тұжырымдайды.
Осыдан болса керек, ел ішінде «ақшаға жолдарыңды ашып беремін» дейтін қулар да қойдың қиындай көбейіп кетті. Тіпті телеарналардың жүгіртпе жолдарында «100 пайыз кепілдік беремін» деп аңқау елді алдап жатқан алаяқтар шығып жүр. Осындай арамза тірлікке бір ай бұрын жазылып қойып, сарылып кезек күтіп жүріп жететін қаракөздер күн санап көбейіп бара жатыр. Тұз әкел, шәй әкел, қара тауық пен қара қой әкел дейтін жолашқыштарға арбалып жүргендер қаншама! Осындайға не үшін барасыңдар десек, бәрінің айтатыны «жолымыз жабылып қалған, соны аштыруға барамыз!» деген бір-ақ ауыз сөз. Шындығында солай ма? Жолдың ашығы, жабығы деген не? Оны аштыру, жаптыру деген не?
Ешкімнің көңіліне келмесін, бірақ мұның бәрі білімсіздіктен, діни сауаттың төмендігінен пайда болған пайдасыз, құры уайымдар. Шайтанның азғыруына ілінген бос әуре-сарсаң ғана. Момын қазақтың аңғалдығын, аңқаулығын енді бөтен адамдар былай тұрсын, жындар мен шайтандар да пайдалана бастады. Кейбір имамдар: «Бұл істің діннен шығарып жіберетін қаупі бар» деген ескертуіне: «Дініңді қоя тұршы, әуелі жолымызды аштырып алайық» деп түйеден түскендей жауап қайыратындар да ел ішінде жоқ емес. Енді осының бәрін көріп отырып, үндемей қалу жарамас деп қолға қалам алдық.
Негізінде, Аллаға иман келтірген мүмин-мұсылмандардың қашан да мақсаты белгілі, «жолы ашық» болады. Ал иманнан жұрдай, сорбақ адамдардың өмірлік мақсаттары белгісіз, бағыттары беймәлім болады. Сондықтан түрлі мақсаттар оларды біресе оңға, біресе солға қарай жетелеп кете береді. Қазақша айтқанда, әр тарапқа ешкідей желдеп кетеді. Ішіндегі нәпсінің қай қалауын қанағаттандырамын деп жүріп әр сәті алтыннан қымбат өмірлерін тауысады. Аллаға деген сенім, тәуекел, үміт деген сезімдер болмаған соң, қай адамның көңілін табуды біле алмай асып-сасып жүргені. Ал кез келген іс барлық адамға жаға бермесі анық. Адамға ауа-райы суып кетсе де, ысып кетсе де жақпайтыны секілді өзгелердің ешбір қылығы да жағуы қиын. Бір істі жасап жатсаң, «неге бүйтпейсің, неге үйтпейсің?» деп ақыл айтатындар шығып отырады. Ал енді жүрегінде Алласы бар адамдар ондай емес. Олар Алланы ғана разы етуге бар күшін салады. Міне, жолды ашудың поролі, кілті осы. Мүміннің жолы қашан да ашық дейтініміз осыдан.
Бай, кедей болу, халық алдында абыройлы немесе абыройсыз болу Алланың разылығын табуға кедергі емес. Иманды адам Алланың тура жолында жүрсе, жолдың ашықтығы деген сол. Онсыз да, мұсылман адам бес уақыт намазда күн сайын кемінде 40 рет Алладан «Бізді тура жолыңа сала гөр!» деп тілемей ме? Иә, тура жол деген жалғыз жол. Онда оңға, солға тартып кететін «зигзагтар» болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранда былай деп пәрмен етеді: «Менің тура жолым, міне, осы! Ендеше, менің жолыммен жүріңдер. Өзге соқпақ-сүрлеулерге түсіп кетпеңдер, ондай теріс жолдар сендерді жік-жікке бөліп, Алланың тура жолынан тайдырып жібермесін. Күнә ааулыдан сақтанып, тақуалық аясында өмір сүрсін деп, Алла сендерге міне, осыларды бұйырады.» («Әнғам» сүресі, 153-аят).
Енді осы аяттан кейін мынадай екі түрлі адамды салыстырып көрейік, бірі өз жолын тауып, мақсатын анықтап алған адам, ал екіншісі соқыр кісі секілді табан жолын таба алмаған, мақсаты айқын емес адам. Осылардың қайсысының жолы ашық, қайсысынікі жабық, өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.
Мүмін адамның мінез-құлқы көркем, іс-әрекетері мен жүріс-тұрыстары нық болады. Мүміннің аяғы қалт-құлт еткен селкілдек емес, бекем әрі тұрақты болады. Ой-пікірі де сан-саққа бөлінген бытыраңқы емес, жинақы әрі ұқыпты болып келеді. Бір істі жасайын ба, жасамайын ба, ана істі жасайын ба, мына істі жасайын ба деп екіленіп, дүдамалдыққа салынбайды.
Мүміннің өзіндік ұстанымдары мен өмірлік өлшемдері белгілі болады. Осы ұстанымдар оның істеріне бағыт беріп отырады. Өмірлік жетекші ретінде Алланың Кітабы, ал басшы ретінде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оған жетіп артылады.
Осы айтылғандарға қоса, мүмін адамның ояу ар-ұжданы мен жарық нұрға толы, таза жүрегі болады. Бір іске күмән етсе, соларға жүгінеді. Олар оны еш уақытта алдамайтынын біледі. Ұжданы оны жөн көрсетуші құбыланама секілді тура жолға салып отырады.
Мүміннің мінез-құлқының өлшемі де айқын. Мінезі Алланың разылығын табудан, Оның бұйрықтарын орындаудан, тыйымдарынан аулақ болудан қалыптасады. Өйткені мүмін бұл дүние мен ақиреттің бақыты осыларда жатқанына иман келтіреді. Дүние-мүлкін жоғалтып алса да, нәпсі қалауларын қанағаттандыра алмай қалса да, қамықпайды. Міне, иманның пайдасы, иманның жемісі деген осы болса керек.
Ислам тарихына бір сәт үңіліп көрейікші. Жасы ұлғайған бір кісі перзент сүюді қалайды да, Аллаға жалбарынып дұға етеді. Қараңызшы, «мен қартайып қалдым ғой, енді менде бала қайдан болсын?» деген секілді күмәндардың бірі де жоқ. Нәтижеде, Алладан ізгі ұрпақ сүйетіні туралы сүйінші хабар алады. Енді қартайған кезде көрген баланың қызығына бөленемін бе деп отырғанда, тағы да Алладан жаңа бір бұйрық келеді. Ұлыңды құрбандыққа шал дейді. Осы бұйрыққа да әкелі-балалы мүміндердің біреуі жоқ деді ме? Келешекте Пайғамбар болатын бұл тұлғалардың иманы іштегі нәпсі сыбырларынан әлдеқайда күшті болып шықты.
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) да бір хадисінде мүміннің ісі ғажап екені айтылған. Басына жақсылық келсе, шүкір етеді. Ол оған қайырлы. Қиындық түссе, сабыр етеді. Ол да оған қайырлы саналады.
Осы айтылғандарды жинақтай келгенде, Аллаға иман келтірген адамның ешбір жағдайда «жолым жабылып қалды, аштыруым керек» деуіне құқы жоқ. Имандының жолы қашан да ашық, аштырудың қажеті жоқ.
Дереккөз: asylsoz.kz/