Түн. Айнала қараңғы. Мүлгіген тыныштық. Жолда көлік жүріп келеді. Сол сәтте жол бойынан елес шығады. Тұла бойың түршігеді емес пе? Бұл ешқандай киноның желісі емес. Кәдімгі өмірдің өзінен алынған көрініс.
Әрине, оған біреу сенеді, біреу сенбес. Алайда, ешкім оны жоққа шығара алмайды. Сондай-ақ, түн ішінде жалғыз келе жатырсыз делік! Қасыңызда ағараңдап бірнәрсе жүреді. Дауыстайсыз. Жүрек жұтқан болсаңыз, оған қарсы жүресіз. Ол бірден жоқ болып кетеді. Мұны мистика дейсіз бе, әлде, қиял-ғажайып дейсіз бе? Оны өзіңіз білесіз! Бірі ондай құбылыстар кездеспейді дейді. Оған қарсы дау айтушылар жұмбақ жаратылыстың әлі де сырын аша алмай жүргенімізді алға тартады.
...Мына бір оқиға үлкен жолдың бойында болған. Әлгі жолда ертеректе бір бойжеткен көп жігіттің қорлығына ұшыраған. Әбден елірген жігіттер әлгі қызды бір ауылда алып қашып, осында алып келіп, ойларына келгенін істеген көрінеді. Әйтсе де, ол оқиғаның қашан болғанын ешкім де білмейді. Жай-жапсарын да ешкім нақты айта алмайды. Елдің аузынан естіген әңгімені тілге тиек етеді.
Желіккен жігіттер ойлағанын істегеннен кейін әлгі қызды сол жерде өлтіріп кеткен екен деген сыбыс бар. Оның рас-өтірігін қайдам? Бірақ, әлгі жолдың бойынан "түн ішінде шашы жалбыраған қызды көрдік" дегендердің қарасы қалың.
Түнде жолмен келе жатқан жолаушылар оны көрген сәтте қатты қобалжитын көрінеді. Елес те біраз жерге дейін оларға ілесе жүреді. Білетіндер оны көргенде Құран сүрелерін оқиды. Білмейтіні, одан құтылудың қамына кіріседі. Көлік қатты жылдамдықпен келе жатқанымен, әлгі елес те одан қалып қоймайды. Ол кәдімгі адам болса, әлдеқашан көліктің соңында қалып қояр еді ғой. Жоқ, мүлдем олай емес. Тіпті, қалатын түрі жоқ. Осыдан кейін жағаңызды ұстап, қатты секем алмай көріңізші!
Жаңаберген ҚОРҒАНОВ
Дереккөз: Alashainasy.kz