Жамбыл облысында жақын досының кішкентай егіз қыздарына бес жыл бойы арсыздық көрсеткен азғынға сот үкім кесті деп мәлімдеді КТК телеарнасы. Педофилдің жәбірленушілерге үш жасынан бастап сегіз жасқа толғанға дейін, айтуға ауыз бармайтын азғындық жасағаны дәлелденіп, 17 жыл арқалады.
Нәпсіқұмар қаршадай қыздарды зорламағанымен, ұдайы ұятсыз бейнероликтер көрсетіп, әуретті жерін ұстатып, тіпті сүйгізуге дейін барған. Мұндай сорақылық әлі де жалғасуы мүмкін еді. Жәбірленушілер болған жайтты абайсызда 10 жастағы нағашы әкпесіне айтып, ол анасына жеткізген. Егіз қыздың шешесі бұл сұмдықты естігенімен, күйеуінен жасырып, арадағы сан жылдық достық қарым-қатынасты ескеріп, 43 жастағы көршісін кешірген. Сөйтіп ың-шыңсыз елдімекеннен көшіп кетуін талап етіпті. Алайда, азғын ауылдан қарасын батырмақ түгілі арада ай өтпестен бұрынғы әдетіне қайта басады. Сөйтіп, өткен жылдың қыркүйек айында қамауға алынған. Сотталған азаматтың әйелі мен кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар.
Айгүл Мәлікова, судья:
-Үйінде анасы да, әкесі де білмеген. Жақын достар сияқты араласып жүрген. Бір-біріне қонаққа барған, сонда екі кішкентай қызды ұстап алып, осындай әрекеттер жасап отырған. Нәпсіқұмарлық сипатта және азғындық әрекеттер бойынша екі баппен тартылып отыр.Оның көлігі де мемлекет кірісіне өткерілді, өйткені бұл әрекеттер автокөлікте де болған.