$ 443.85  474.3  4.8

Шымкенттің бір ауданында тіркелген 320 ұрлық қылмысының тек 19-ы ғана ашылған

Шымкенттегі Әл-Фараби ауданында 2016 жылы 320 ұрлық қылмысы тіркеліп, оның тек 19-ы ғана ашылыпты. Сол 19-дың 10-ы бойынша ұрыларды жәбірленушілердің өздері ұстап берген. Бұл туралы бүгін ОҚО прокурорларының есептік жиынында айтылды.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, оңтүстікқазақстандық полицейлер істеріне салғырт қарайтын көрінеді. Әл-Фараби ауданының прокуроры Қали Маматаевтың айтуынша, аудандық ІІБ-нің кейбір полицейлері ұрлықты ашудан гөрі жалған хаттама толтыруды жақсы меңгерген екен.

"Қылмыс орнына кешігіп келгенімен қоймай, жалған хаттама толтырып, қайта кетіп қалған. Араға біраз уақыт салып бұл қылмысты прокурорлар тексерген кезде полицейлердің хаттамасында жалған түсініктемелердің жазылғаны анықталды. Куә болған адамдар мүлдем қылмыс орнында болмаған, қойған қолдары да өтірік. Оның үстіне қылмыстың желісі ойдан құрастырылып жазылған. Бұл ұрлық қылмысын прокурорлар ашып қойды. Ал, полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалуда", - деді Қ.Маматаев.

Ал, ОҚО прокурорының орынбасары Әбіл Қожахметовтың айтуынша, 2016 жылы дәл осы Әл-Фараби ауданында 320 ұрлық фактісі тіркеліп, оның тек 19-ы ғана ашылған. Соның өзінің тең жартысын жәбірленушілер ашып беріпті. Мұны естіген облыс прокуроры Ибрагим Иманов ашуына мінді.

"Егер қылмыскерлерді жәбірленушілердің өздері ұстап беретін болса, өзге қылмыскерлер бостандықта жүрсе, ендеше полицейлердің бізге не керегі бар?", - деді ол.

Ибрагим Иманов ОҚО ІІД басшысына қоластындағы қызметкерлердің жұмысын ретке келтіруді тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары