Жамбыл және Алматы облыстарының кәсіпкерлерін үрейде ұстаған тараздық қылмыстық топқа сот үкім шығарды деп хабарлайды КТК телеарнасы. Қаскөйлер бес жылда 12 бизнесменнің үйіне қарақшылық шабуыл жасаған екен.
Жапа шеккендердің басым бөлігі – базар саудагерлері. Құрбандарының соңына түсіп мұқият зерттейтін қаскөйлер тіпті олардың күндік табысына дейін біліп отырған. Сөйтіп, қомақты қаржы жиналған күні тонауға кіріседі. Ақша мен құнды заттардың түгін қалдырмай әкетіп жүрген. Жалпы көлемі 20 млн. теңге шығын келтірген. Бес адамнан құралған қылмыстық топ тіпті, иесі бар үйлерге де ұрлыққа түскен. Сөйтіп, ақша бермейтіндерді қарумен қорқытып, үтікпен күйдіріп, азаптайтын болған. Кәсіпкерлерге қырғидай тиген қылмыстық топ жетекшісі енді 19 жыл, екеуі 17 жыл, тағы екеуі 10 жыл бостандық көрмейтін болды.
Самат Төлесбай, судья:
-Бұлар таңертең, түн ішінде беттеріне маска киіп, қолдарына тапанша, пышақ, электрошокер пайдаланып, ұрып-соғып, үйдегі бар заттарын алып кеткен.