Шымкент қаласы Жедел басқару орталығының полиция қызметкерлері ағымдағы жылдың басынан бері сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен 3 мыңнан аса құқықбұзушылық пен 80-нен аса қылмысты анықтаған. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 479 сыртқы бейнебақылау камерасы Шымкент қалалық Жедел басқару орталығына қосылған. Камералар облыс орталығының халық көп шоғырланған қоғамдық орындарға қойылған. Сол арқылы Жедел басқару орталығының қызметкерлері орын алған құқықбұзушылық пен қылмыстарға дер кезінде жедел әрекет етеді.
Сыртқы бейнебақылау камералары көмегімен полицейлер ағымдағы жыл басынан бері 87 қылмыс анықтаған, оның ішінде 64 өзгенің мүлкін ұрлау, 4 көлікті айдап әкету, 2 бұзақылық, 2 тонау жайты. Мәселен, 2017 жылдың 23 қаңтарында полиция бөіліміне 54 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Онда белгісіз тұлға «Опель» маркалы автокөлігін ұрлап кеткенін көрсеткен. ЖБО-ның сыртқы бейнебақылау камерасы көмегімен Шымкент қалалық жол-патрульдік полиция қызметкерлері «ізін суытпай» ұрланған автокөлікті табады. Күдікті ретінде Шымкент қаласының 1964 және 1993 жылғы тұрғындарын ұстады. «Көлікті ұрлау» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы ЖБО қызметкерлері ағымдағы жыл басынан бері 3 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 500 ұсақ бұзақылық жайты болса, қайыршылық және қоғамдық орында мас халде жүру тағы бар.