$ 498.51  522.84  4.81

Алматыда сәбиін 2000 долларға сатпақ болған әйел қылмыс үстінде ұсталды

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары Алматыда кішкентай сәбиін сатпақ болған жас әйелді ұстады деп хабарлайды Patrul.kz.

1994 жылғы Қызылорда облысының тумасы Алматыда күйеуімен және 3, 2 жасар екі сәбиімен бірге тұрған. Үшінші баласын ол босанғысы келмепті. Алайда, аяғы ауыр екенін кеш білген ол нәрестеден құтылып қана қоймай, одан пайда да тапқысы келген көрінеді.

Күйеуін қылмыс жасауға көндірген келіншек әлі дүниеге келмеген баласын сататынын туыстарына айтып, клиент іздеген. Полицейлердің айтуынша, күдікті жезөкшелікпен айналысып, Түркісіб ауданының ІІБ-де есепте тұрған. Тәртіп сақшылары оны қылмыс үстінде ұстау үшін клиентті өздері дайындап жіберіпті.

Клиент әйелмен келіссөздер жүргізгеннен кейін туылатын сәбиді 2000 долларға алып кетуге сөз байласқан. Мұнан кейін арнайы белгі қойылған купюралар дайындалып, әйелдің босануы күтілді.

Ал, 7 наурыз күні күдікті әйел Алматы облысындағы перзентханалардың бірінде аман-есен ұл босанды. Баланың салмағы 4 келі 165 грамм, бойы 55 см дейді дәрігерлер. 9 наурызда әйел өз үйіне келіп, клиентті телефон арқылы шақырған. Клиентпен бірге үйге полицейлер де келіп, бала сату процесінің үстінен түсті. Қазір ұсталған күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары