$ 498.51  522.84  4.81

Алматы облысында үш полицей күдіктілерді азаптаған деп айыпталуда

Алматы облысының үш полицейі күдіктілерді айыптап, қызметін асыра пайдаланды және заңсыз адам ұстады деген айыптармен екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы хабарлап отыр.

"4 ақпан күні Алакөл аудандық соты Алакөл аудандық ІІБ-нің үш қызметкерін - Талғат Нұрпейісовті, Руслан Базекеновті және Айдын Тұрсынхановты екі айға қамауда ұстауға санкция шығарды", - делінген Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Облыстық соттың мәліметінше, тәртіп сақшыларының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы ("Азаптау, адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған және денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтiре отырып"); 362-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану"); 414-бабының 4-бөлігінің 4-тармағы ("Көрiнеу заңсыз ұстап алу, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау") бойынша іс қозғалған.

Қорғаушы Юлия Малюкованың айтуынша, жәбірленуші - Сарқан ауданы Бақалы ауылының 26 жастағы тұрғыны. Оқиға 2016 жылдың 19 маусымында орын алған екен. Үйіне жұмысынан өз көлігімен қайтып келе жатқан жігітті үш полицей тоқтатып, оны алдымен Ақсу аудандық, кейін Алакөл аудандық ІІБ-не апарған. Полиция бөлімінде жәбірленушіні соққыға жығып, мал ұрлығы қылмысын мойнына ілмек болған.

"Азаптау" бөлмесінен шыққан кезде ер азаматты анасы күтіп алыпты. Ол дереу жедел жәрдем шақырып, артынша құқық қорғау ұйымдарына арыз түсірген. Талдықорған құқық қорғау орталығының заңгері Виктор Теннің айтуынша, үш күдікті қазір тергеліп жатыр екен. Олардың соты биыл сәуір айында басталады.

Ал, Юлия Малюкова болса осы жайттан кейін Сарқан ауданының үш тұрғыны Алматы облыстық ІІД-нің қызметкерлеріне шағымданғанын айтып отыр. Олардың үстінен де қазір тергеу амалдары жүріп жатыр екен. Күдікті полицейлер тұрғындардың көліктері мен қалталарына есірткі және қару-жарақ салып, оларды бопсалаған деп айыпталуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары