$ 498.34  519.72  4.85

Ішіп-жемге 17 млн. теңге жұмсаған министрлік басшылары жазасыз кетпек

Еліміздің Есеп комитеті жақында Елбасы бұйрығымен таратылған Өңірлік даму министрлігін тексеру барысында ведомствоға қарасты «Мемлекеттік сараптама» кәсіпорны қазына қаражатын мерекелік корпоративтер мен ішіп-жемге жұмсағанын анықтады, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Ал «2012-2020 жылдары өңірлер мен моноқалаларды дамыту бағдарламасын» жүзеге асыруда 13 миллиард теңге заңсыз ұқсатылып, 5 миллиард 600 миллион теңге қазына қаражаты мақсатсыз жұмсалыпты. Осылайша, Есеп комитетінің есебі бойынша, министрлік орындауы тиіс 18 тапсырманың тек алтауын ғана жүзеге асырған. 

ҚР есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің айтуынша, даму жоспарында қарастырылмаған тауарларды сатып алуға 17 млн. теңге шығындалған. Нақтырақ айтқанда, көлік сатып алу мен жөндеу, азық-түлік пен арақ-шарап сатып алу, ұжымдық кештер ұйымдастыру, спартакиадалар өткізуге жұмсалған.

2020 жылға дейін арналған моноқалалардың стратегиялық дамуына бөлінген 38 миллиард теңгеден астам ақшаның тек 47 пайызы, яғни 18 миллиардқа жуығы ғана игерілген. Бағдарламаның іске асырылуына тікелей құзыретті министрлік пен жергілікті атқару органдарының арасында қажетті байланыс орнамаған. 27 моноқаланың төртеуінде жергілікті халықтың табысы республика бойынша орташа күн көріс деңгейінен төмен, 14 қалашықта өнеркәсіп табысы азайған. Алайда министрлік үкімет алдында атқарылған жұмыстар есебін үзбей беріп келген көрінеді.  

– Министрліктің есебіне қарасақ, 2013 жылдың қорытындысы бойынша 47 шара өткізілген. Оның ішінде 30-ы жыл сайын жалғасып отыратындар. Ал, біздің деректеріміз бойынша, 11 іс-шара атқарылмай қалған, – деді Қозы-Көрпеш Жаңбыршин.

Министрліктің бюджет игеруін тексерістен өткізген комитет маманы республикалық деңгейде өңір өміріне жауапты болған ведомство басшыларының жазаға тартылуына күдікпен қарайды. Яғни, қатық жеген құтылып, қазан жалаған тағы тұтылатын сыңайлы. Ал, жергілікті атқару органдарының басшылары мен қатардағы қызметкерлер тағы жұмыстан босатылды, тәртіп бойынша қылмыстық іс  те сотқа жолданды. 

Еске салайық, жаңа Ұлттық экономика министрлігіне қосылған ескі Өңірлік даму министрлігінің басшысы Болат Жәмішев өткен аптада мемлекет басшысының тағайындауымен Қазақстан даму банкін басқарды. 

– Өңірлік даму министрлігінің таратылғанын білесіздер. Сондықтан жаза тек жаңа Ұлттық экономика министрлігінде қалып қызмет ететіндерге қатысты қолданылады. Ал қызметін ауыстырған немесе жұмыстан шығып кеткендер, әрине, еш жаза тартпайды, – дейді ҚР Есеп комитетінің мүшесі Александр Горяинов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары