Сарыағаш аудандық сотының 2014 жылғы 08 қыркүйектегі үкімімен С.А. есімді азамат мемлекеттiк функцияларды атқаруға уәкiлеттi адам бола тұра өз қызмет бабын пайдаланып, алаяқтық жасауға оқталған деп хабарлайды Skifnews.kz.
Облыстық соттың ресми сайтында көрсетілгендей, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі – 177-бабы 3-бөлігінің «г» тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылд. Сонымен бірге, мүлкі тәркіленіп 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге деп белгіленіп, бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қамауда қалдырылды.
«Сотталушы С.А. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. Ол өз қызмет бабын пайдаланумен ұштаса отырып, арызданушы Е.У-дің сеніміне қиянат жасаған. Қ.Қ-ның атына Жүзімдік ауыл округі, А.Сатпаев елді-мекенінен ұзақ мерзімді пайдалануға 14 гектар жайылым жерді беруге шешім шығарып беремін деп алдап, 5 000 АҚШ долларын талап еткен» делінген хабарламада.
Алайда, бөтен мүлікті алаяқтық жолмен алуға бағытталған ниетпен жасаған іс-әрекеті ақырына дейін жеткізілмей, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ұсталған.