$ 494.87  520.65  4.91

Оралда жалған ақпар таратқан 20 жасар азамат екі жылға сотталуы мүмкін

Кеше Орал қаласындағы Достық даңғылы, 195 мекенжайында орналасқан «Beeline» орталығының қызметкері «102» нөміріне қоңырау шалып, «осы ғимаратқа жарылғыш зат қойылды» деп белгісіз біреудің хабарлағанын айтып жүгінген, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Батыс Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметінің мәліметеріне сүйенсек, айтылған жерге дереу жеткен жедел-тергеу тобы, жедел мақсаттағы бөліністің жарушы-техниктері және басқа да мүдделі қызметтер іске бірден кірісті. Жедел қимылдайтын қызметтердің барлығы да дабылмен көтерілді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлер ғимараттан шығарылып, жақын маңдағы көшелер жабылды.

Мамандардың қатысуымен тәртіп сақшылары ғимараттың ішін және оған жақын маңайлардың барлығын тексерді, бірақ, ешқандай да жарылғыш зат табылған жоқ.    

«Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында, полицейлердің сауатты әрі қырағы әрекеттерінің арқасында жайына қарап жүрмей, жұртты дүрліктіріп,  телефон шалған адам сол күні-ақ ұсталды. Ол  Батыс Қазақстан облысында тұратын  1994 ж.т. «Н» деген азамат екен. Ол бұл әрекетті еш ойланбастан бұзақылық ниетпен жасағанын мойындады», делінген хабарламада. 

Осы факті бойынша аталған азаматқа ҚР Қылмыстық кодексінің 242-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.    

Заң бойынша, мұндай әрекет үшін екi жүзден бес жүз АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзiмге бас  бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.  

Сонымен қатар, осы «тентектікті» қылмыстық жауапкершілікке тарту жасына, яғни кәмелетке толмаған бала жасаса, онда барлық жауапкершілік ата-анасына немесе оны алмастыратын тұлғаларға жүктеледі.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары