Алматы облысының Текелі қаласында мұғалімді ұрып, тонап кетті деген айыппен үш жасөспірім сотталды. Оқушылардың қолдарында дәлелдері болса да Алматы облыстық кәмелетке толмағандар ісі бойынша ауданаралық соты оларды кінәлі деп тауып отыр.
Судья 15 жастағы Сүндет пен оның ағасы 16 жастағы Ержан Есенбековтерді және 15 жастағы Сүлеймен Тілеужановты бірнеше жылға бас бостандығынан айырды.
"Олардың бірі күш көрсету арқылы тонау дерегі бойынша айыпты деп танылды және бір жылға бас бостандығына шектеу қойылды. Қалған екеуі денсаулыққа қасақана залал келтіргені үшін әрқайсысы 5 жылға сотталды, екеуі де бір жыл бойы пробациялық бақылауда болады", – дейді Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы Айнаш Рахымбаева.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Қазір жасөспірімдердің қорғаушылары апелляциялық сотқа шағым түсіргелі жатыр. Балалардың өздері болса тергеудің қате жүргізілгенін, әділетсіздіктің құрбаны болғандарын айтуда.
"Біз АҚШ-тың Калифорния штатындағы WhatsApp-мессенджерінің өкілдерімен байланысып, қылмыс болған уақытта осы мессенджер арқылы сөйлесіп жатқанымызды дәлелдейтін анықтама алдырдық. Шетелдік компания біздің бұл айтқанымызды растап отыр. Мессенджердің уақытын өзгерту мүмкін емес. Сот процесі кезінде біз Алматыдан арнайы маман шақырттық, ол менің ұялы телефонымның қоңыраулары арқылы қылмыс болған уақытта өз үйімде болғанымды анықтап берді. Үйім қылмыс болған жерден айтарлықтай алыста орналасқан. Алайда, сотта біздің келтірген дәлелдеріміздің бірде-бірі қаралып, назарға алынған жоқ", – дейді соталған жасөспірімдердің бірі Ержан Есенбеков.
"Істе бір ғана куәгер бар, арада үш ай өткеннен кейін аяқасты пайда болды. Оның үстіне, сотта анықталғандай, ол куәгер жәбірленуші мұғалімді көшеде ес-түссіз қалдырып, тіпті, тонап та кеткен екен. Ол жәбірленуші екеуі бұзақылардың түрлерін түнгі уақытта көргендерін айтып отыр. Бірақ, қалада жарықтандыру түнгі 12-ден кейін өшеді. Мұны 21 куәгер мен ТКШ бөлімінің мамандары да растап отыр" – дейді Талғат Жанболатовтың қорғаушысы.
Балалардан "таяқ жедім" деп арызданған жәбірленуші мұғалім Бердібек Тұрсынбек болса пікір білдіруден бас тартып отыр. Оның соттағы өкілі Бауыржан Әбдірасов балалардың келтірген дәлелдері негізін тапқан жоқ дейді.
Балалар оқитын мектептің мұғалімдері де өз шәкірттерінің мұндай қылмысқа баратынына сенбейді. Олар сот үкімімен келіспейтініні және өз тараптарынан сотқа шағым түсіретінін айтып отыр.
"Біз балалардың кінәсіз екеніне сенімдіміз. Олар өте әдепті оқушылар, белсенді, үлгерімдері жақсы, мектепаралық, қалалық іс-шаралардан қалмай қатысады. Сондықтан, ата-аналар, мұғалімдер, мектеп әкімдігі, заңгерлер апелляциялық сотқа шағым түсіреміз. Біз мектептен қоғамдық қорғаушы сайладық, ол барлық сот процестеріне қатысты", – дейді сотталған балалар оқитын мектептің директоры Эльмира Иманбердиева.