ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығының экс-президенті Василий Нидің үкіміне қатысты өзі ойын білдірді.
«Ни мырзаның ісі бойынша кез келген заңгер мынаны айтады: кейде біз уақытынан бұрын адамды аса ауыр қылмыскер атандырып жібереміз. Біз тек айыптап қана қоймай, оны "қылмыскер" дейміз. Бірақ, егер Конституцияға қарайтын болсақ, кез келген күдіктіні тек сот қана қылмыскер деп атай алады» - деді Кравченко журналистерге Мәжілісте өткен жиын барысында.
Оның айтуынша, сот барысында істің біз білмейтін де тұстары анықталады екен. Үкім сол деректердің бәрін қорытындылай келе шығарылады.
«Соттың мұндай шешім шығаруына қандай деректердің себеп болғанын білмеймін. Бірақ, мен заңгер ретінде бұл шешімді сыйлаймын, бәлкім судья мән берген қандай да бір дәйектер, дәлелдер болған шығар", - дейді Бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, былтыр қыркүйекте Василий Ни 1 миллион долларды пара ретінде алып жатқан жерінде ұсталған болатын. Ол өзінің қоластындағы қызметкері Махаббат Сейдуллаева арқылы инвесторлардан ақша бопсалаған. Осындай жайттардың бірінде Ни «Хоргос Тюльпан» компаниясының басшыларынан 1 миллион доллар пара сұрап, оны алып жатқан жерінде қолға түсті.
Нидің пара алғаны дәлелденсе де, сот оған ешқандай жаза қолданбайтынын айтып, босатып жіберген еді.