$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбеде баласын 60 мың теңгеге сатқан әйел 7 жылға сотталды

Айыпты әйел Жанна Ақаласоваға алдын ала сөз байласу арқылы кәмелетке толмаған баланы сатты деген айып тағылды. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге үкім кесті.

Бұл іс бойынша айыптылар қатарында тағы екі адам болды. Олардың бірі баланы сатып алмақ болған 56 жастағы Дина Досақова болса, екіншісі ортада делдалдық жасаған Данагүл Өтешова.

Д.Өтешованы да сот 7 жылға бас бостандығынан айырды. Дегенмен, үкім тек 5 жылдан кейін күшіне енеді. Өйткені, айыпты әйелдің кәмелетке толмаған балалары бар.

Ал, Дина Досақова болса 7 жылға шартты жазаға кесілді. Осы мерзімі аяқталғанша ол тұрғылықты мекен-жайынан ешқайда көшпеуі тиіс.

Сот үкімі оқылғаннан кейін Дина Досақованың денсаулығы күрт нашарлап, оған жедел жәрдем шақыруға тура келді. Ол орнынан қозғала алмай қалған.

Тергеу материалдарынан анықталғандай, Жанна мен Данагүл бір ауданның тумалары, екеуі жақын құрбы болған. Данагүл Жаннаның жүкті екенін, ал 24 жастағы баланың әкесі үйленуден бас тартқанын естігеннен кейін сәбиді сатуға кеңес беріпті. Осылайша, ол алыс туыстары арқылы Дина Досақованың бала асырап алғысы келетінін естіген. Оның ұлы мен қызы сәби сүе алмапты. Жақсы ұсыныстан зейнеткер әйел де бас тарта алмаған.

Биыл 16 қаңтарда Жанна ұл босанды. Ал, 18 қаңтарда ол перзентханадан үйіне шыққан. Балаға Әділ деген есім беріліпті. Әділді анасы перзентханадан шыққан бойда 60 мың теңгеге сатып жіберген. Бұл ақшаны Жанна мен Данагүл 30-30 мыңнан бөліп алғаны да анықталып отыр.

Айта кетейік, 33 жастағы Жанна Ақаласова 2009 жылы да бала босанған. Сәбиінен ол перзентханада бас тартып, оны балалар үйіне өткізіп жіберіпті. Енді әйелдің кіші ұлы да балалар үйіне берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары