$ 449.58  486.94  4.86

Шымкенттік шенеуніктер қала орталығындағы 11 сотық жерді небәрі 58 мың теңгеге сатып жіберген

Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты Жер қатынастары бөлімі қаланың қақ орталығындағы көпқабатты үйдің алдында орналасқан 11 сотық жерді кәсіпкерге небәрі 58 650 теңгеге сатып жіберген. Бұл туралы редакциямызға шағыммен хабарласқан сол үйдің тұрғындары айтып отыр.

Желтоқсан көшесі №26 үйдің бірінші қабатындағы 2 бөлмелі пәтерді Наргиза Абдуразакова есімді әйел сатып алғанда көршілері тек оның қуанышына ортақтасқанын айтып отыр. Алайда, көп ұзамай кәсіпкер әйел бұл пәтерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе бастаған. Ешнәрседен күдіктенбеген көршілері тек үйдің сыртқы қабырғасы бұзыла бастағанда ғана дабыл қағыпты. 

Осы үйдің тұрғыны Александр Корольчуктің айтуынша, кәсіпкер әйел бұл пәтерден сұлулық салонын жасамақшы екен. Оны құрылысшылардан естіген. Бірақ, бірде-бір көршінің келісімін алмаған. Дереу учаскелік полицейге хабарласқан Александр мен оның әйелі Ольга құрылысты уақытша тоқтатыпты.

"Ол әйел ешкімнен қорықпайтынын, сұлулық салонын бәрібір салатынын айтып отыр. Біз қазір оның үстінен сотқа арыздандық. Процесс басталып кетті. Артында кім тұрғанын білмейміз, бірақ заңды белден басып, бізге қоқанлоқы көрсетіп отыр", - дейді Желтоқсан көшесіндегі №26 үйдің тұрғыны Александр Корольчук.

Үйдің тұрғындары сұлулық салонын салғызбаймыз деп дабыл қағып жүргенде ауладағы 11 сотық жерді де Наргиза Абдуразакованың сатып алғаны белгілі болды. Қалалық әкімдікке қарасты Жер қатынастары бөлімі тағы сол көршілердің рұқсатынсыз үлкен жер телімін небәрі 58 650 теңгеге сатып жіберген.

"Жер қатынастары бөлімінің мұндай заңсыздыққа қалай жол бергенін түсіне алмай отырмыз. Тіпті, судья да таң қалды. Біз жерді біздің рұқсатымызсыз сатып жіберген мемлекеттік қызметкерлердің үстінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне арыздандық. Істі қазір солар қарап жатыр. Сондай-ақ, прокуратураға да арыз жазбақшымыз. Бұл жерден жемқорлықтың иісі аңқып тұр", - дейді Ольга Ом.

Көпқабатты үй тұрғындарының қолдарында жердің расымен де 58 мың теңгеге сатылып кеткені туралы құжаттар бар. "Шымкенттің тура орталығындағы "Риксос" қонақ үйі мен Мұз сарайының жанында орналасқан үйдің ауласы мұншама арзанға бағаланатынын білгенде оны өзіміз-ақ сатып алар едік", - деп әзілдейді олар.

Тұрғындар кәсіпкер әйелдің үстінен де, Жер қатынастары бөлімінің үстінен де құзырлы органдарға шағым түсірген. Әзірге сұлулық салонының құрылысына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Ал, жер телімінің қалай сатылып кеткенін құқық қорғаушылар анықтайтын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары