Танымал қазақстандық заңгер Джохар Утебеков Қостанайда қыз зорлаған адамның раөымшылыққа ілініп, сот залынан босап шыққанына наразылығын білдірді. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазған.
Заңгердің айтуынша, зорлау қылмысын жасаған адамдарға ешқандай рақымшылық жасауға болмайды. Ал, Қостанайда орын алған жағдай мемлекетте әйелдердің құқығы сақталмағанын көрсетеді дейді ол.
"Қыз зорлаған кезекті күдікті рақымшылыққа ілінді. Ол түрмеде бір күнін де өткізген жоқ. Тіпті, Василий Ни мен Мақсат Үсенов уақытша ұстау абақтысында отырып шыққан болатын. Осылайша жәбірленушілерді мазақ қылу бүкіл ел аумағында орын алып жатыр. Желтоқсанда парламент өте асығыс жағдайда рақымшылық туралы заңды қабылдап жіберген еді. Мұнан кейін мен зорлықшыларды бостандыққа шығаруға болмайды деп талай рет мәселе көтердім. Өкінішке қарай, тыңдайтын құлақ болған жоқ. Қазақстанда қыз зорлау - орташа ауыр қылмыс болып есептеледі. Сіздер әлемде мұндай басқа елді білесіздер ме?
Бұл тұрғыдағы қылмыстық істердің басым көпшілігі татуласумен (әдетте жәбірленушіні мәжбүрлеу арқылы) аяқталып, жабылып жатады. Кезекті рақымшылық мемлекетте әйелдер құқығының өрескел бұзылғанын көрсетіп отыр. Бұл заңсыз заңдардың бар екенінің де айғағы. Менің ойымша, бұл билік тарапынан жасалған гендерлік алалаушылық болып табылады", - делінген Джохар Утебековтың әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ол сондай-ақ, зорлаушылардың құрбаны болғандарды БҰҰ-ның әйелдер зорлығына қатысты арнайы өкіліне шағымдануға шақырып отыр. Ал, шенеуніктерге Қылмыстық кодекске өзгертулер енгізіп, зорлау қылмысын орташа ауырдан ауыр санаттағы қылмыстарға жатқызуды ұсынды. Сонымен қатар, зорлық жасағандарды ешқашан рақымшылықпен түрмеден босатпауды, тараптардың татуласуы арқылы жауапкершіліктен босауына тыйым салуды талап етіп отыр.