25.05.2017, 12:51

Өркен Азаматұлының өгей шешесін прокурорлар 25 жылға соттау керек деп есептейді

Прокурор Арыстанбек Алекенов 11 жастағы Өркен Азаматұлын өлтірді деп айыпталған Шарипа Ақбердиеваны 25 жылға бас бостандығынан айыруды сұрадыдеп жазады tengrinews.kz.

"Шарипа Ақбердиеваны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі, 3, 7, 14- тармақтары ("Адамдар тобымен кісі өлтіру") бойынша, 125-бабы 2-бөлігі 1,5-тармақтары ("Адамды ұрлау") бойынша және 132-бабы 4-бөлігі ("Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту") бойынша кінәлі деп тауып, барлық осы баптардың жиынтығы бойынша 25 жылға бас бостандығынан айыруды және белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыр сұраймын", - деді прокурор. 

18 мамырда өткен сот отырысы барысында Өркен Азаматұлын өлтірді деп айыпталған өгей шешесі жындыханада емделгенін мәлімдеген болатын. "Иә, мен 1994 жылы психиатрлық ауруханада емделдім, бірақ ол жақтан қашып кеттім. Әлі күнге дейін дәрі-дәрмек ішемін", - деген еді Шарипа Ақбердиева. Алайда Ақбердиева өзінің балаларына Өркенді өлтіруге тапсырыс бергенін мойындамады. 

Осыған дейін 11 жастағы Өркен Азаматұлының өгей шешесі Шарипа Ақбердиеваның баланы өлтірді деген айыптармен келіспей отырғаны хабарланған болатын. Судья сотталушылардан бұл айыптаулар түсінікті ме деп сұрағанда Шарипа Ақбердиева: "Түсінікті, бірақ келіспеймін. Барлық сұраққа жауап беруге дайынмын" - деп жауап берген еді.

Еске салайық, бала 19 қаңтарда жоғалып кеткен болатын. Бұл туралы оның әжесі хабарлаған. 22 қаңтарда түнде Өркен Азаматұлының мәйіті Алматы маңындағы саяжайдың жертөлесінен табылған.