Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында 14 жасар мектеп оқушысының жоғалып кетіп, кейін Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінен табылғаны туралы ақпарат осыдан 20 күн бұрын жарияланған еді.
Жеткіншекті мектепте жүрген жерінен белгісіз ер жігіт көлігіне отырғызып алып кеткенін мұғалімдер көріп, дереу құқық қорғау органдарына хабар берген. Арада бір тәулік өткенде полицейлер қызды тауып, ата-анасына қайтарған болатын. Алайда, оқушыны ұрлаған жігітке тәртіп сақшылары сол күйі ешқандай шара қолданбапты. Тек жәбірленген қыздың анасы әлеуметтік желі арқылы көпшілікке үндеу жариялағаннан кейін ғана полицейлер 21 жастағы күдіктіні кеше қамауға алды.
Оқиға 10 мамыр күні орын алған. Алайда, Бәйдібек аудандық ішкі істер басқармасының мамандары қылмыстық істі тек 31 мамыр күні қозғапты. Бұл әрекетін полицейлер арыздың тек сол күні жазылғанын айтып, алға тартып отыр. Алайда, зорланған қыздың анасы болса 20 күн ішінде полиция бөліміне арызды бір емес, үш рет жазғанын тағы сол видеүндеуінде мәлімдеді.
ОҚО ІІД бапсасөз қызметінің мәліметінше, бұл істі қазір облыстық ішкі істер департаментінің өзі бақылауына алған. 21 жастағы күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы 1-тармағы бойынша іс қозғалып, ол қамауға алыныпты. Қазір арнайы сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске салайық, жәбірленуші қыздың анасының жанайқайын шымкенттік блогер Айгүл Орынбек өзінің Facebook-парақшасында жариялаған болатын.