Алматы қаласы Алмалы аудандық соты бұған дейін өз үйінде ұсталған танымал кәсіпкер, "Казстройстекло" ЖШС директоры Мұратхан Тоқмәдиді 2 айға қамауға алу туралы шешім шығарды.
Құқық қорғаушылар Тоқмәдиді 2005 жылы белгісіз тұлғалармен сөз байласып, "Семрюжком" және "Казстройстекло" ЖШС басшыларына күш көрсетіп қорқыту арқылы оларды бопсалап, жарғылық капиталдың бір бөлшегін иемденіп алған деген айып тағып отыр. Өзінің қылмыстық әрекетімен Мұратхан Тоқмәди аталған компанияларға 185 миллион 137 мың 246 теңге шығын келтірген көрінеді.
Еске салайық, танымал кәсіпкер 12 маусым күні өз үйінде ұсталған болатын. Оның үстінен аса ірі көлемде ақша бопсалады деген дерекпен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатқан уақытта 2 ай бойы Тоқмәди абақтыда отырады.