$ 444.22  476.38  4.82

БҚО-да «Ислам мемлекеті» ұйымына қосылғысы келген 8 жігіт сотталды

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық соты 21 маусымда Жаңақала ауылының сегіз тұрғынын "Террористік топ құрып, қызметіне қатысқан", "Терроризмді насихаттаған" және "Теракт жасауға дайындалған" деген айыптармен бес жылдан 15 жылға дейін түрмеге отырғызды.

Сот материалдары бойынша, 25 пен 33 жас аралығындағы сотталушылар жас балаларымен бірге "Аллахтан басқа Құдай жоқ" деген арабша жазуы бар қара матаны ұстап суретке түскен, жергілікті ішкі істер департаментіне шабуыл жасамақ болған.

Бұл суретті журналистерге Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соттың судьясы Бақыт Ермаханов көрсетті. Ол сот отырысын суретке және видеоға түсіруге рұқсат бермеді.

Сот таратқан баспасөз релизі бойынша, "2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде жасалған теракт Ғабдешовке (сотталушылардың бірі) қатты әсер еткен", сөйтіп теракт жасауды жоспарлаған, онысын мұсылман қауымының мүшелеріне айтқан. Тергеу материалдарына сәйкес, қара жалау ұстаған топ мүшелері "Аллах Акбар!" деп айқайлап, ауылды көлікпен аралаған. "Сол әрекеттері арқылы олар "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының идеясына, солар жүргізіп жатқан қарулы жихадқа қолдау білдірген", - делінген сот үкімінде.

Сотталушылар тағылған айыптарды жоққа шығарды. Адвокаттар мен сотталушылардың туыстары сот үкіміне шағым түсіруді көздеп отыр.

Дереккөз: Centralasian.org

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары