Кеше ғана 10 күндік қамаудан босап шыққан атышулы Мақсат Үсенов бүгін тағы 10 күнге сотталды. Бүгінгі сот отырысына оны полицейлер мен сот қызметкері алып келді.
Сот отырысы барысында Үсенов өзінің ұшақта темекі тартқанын мойындады. Судья Ержан Алдабек болса айыптыға жеңілдік жасалатынын айтып, оны әкімшілік жазаға тартылғандарға арналған абақтыға 10 күнге қамауға шешім шығарды. Осылайша Алматы-Бангкок рейсінде тәртіпті бұзған Мақсат Үсенов екінші рет қатарынан жазаға тартылып отыр.
Айта кетейік, Үсеновтің ісі бойынша сот отырысы бүгін таңертеңгі сағат 9:00-де өтуі тиіс болатын. Алайда, айыпталушының өзі сотқа келмеді. Түстен кейін тәртіп сақшылары оны мәжбүрлі түрде сот залына ертіп келген.
Мақсат Үсенов ҚР Әкімшілік кодексінің 564-бабының 5-тармағы бойынша айыпты деп танылды.