Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында ағайынды Сапар Әшетаев пен Айбек Қанжекеновті айуандықпен өлтірді деп айыпталып жатқандардың сот отырысы басталды. Басты күдікті – қаржы полициясының экс-қызметкері, Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік бөлімінде жұмыс істеген Ернұр Сахариев. Сондай-ақ, ШҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының өкілі Талант Мұсабаев та негізгі күдіктілердің қатарында. Ал, олардың таныстары қылмысты жасырды деп айыпталып отыр.
Прокурорлардың мәліметінше, бұрынғы қаржы полицейі Өскеменге келіп, ата-анасының үйінен қару алып, ІІД-де жұмыс істейтін танысымен бірге Сапар Әшетаевты өлтіруге беттеген. Олар Сапарды бауыры Айбекпен бірге алдап қала сыртына алып шыққан да, айуандықпен өлтірген көрінеді.
"Сахариев алдымен Әшетаевтың кеуде тұсынан атқан. Артынша Қанжекеновті атып салған. Жараланған Қанжекенов қашып кетпек болғанда, Сахариев мылтығын қайта оқтап, оны екінші мәрте атып құлатқан. Мұнан кейін ол ағайындылардың өлгеніне толық көз жеткізу үшін екеуін тағы бір-бір реттен қайтара атқан", - деді сот отырысында мемлекеттік айыптаушы.
Қылмысты жасырды деп айыпталған күдіктілер өздерінің кінәсін мойындап отыр және бұл істеріне өкінетіндерін айтуда. Ал, басты күдікті Ернұр Сахариев болса өзіне тағылған айыптармен келіскен жоқ. Оның айтуынша, оқиға мүлдем басқаша өрбіген және атқан да басқа адам көрінеді. Алайда, өз нұсқасын Е.Сахариев жабық сот отырысында ғана айтатынын мәлімдеді.
Полиция қызметкері Талант Мұсабаев та өзін адам өлтіруге қатысы жоқ екенін айтып ақталды. Ол өзін қылмысты жасырғаны үшін ғана соттуын судьядан сұрап отыр.
Еске салайық, жантүршігерлік қылмыс биыл 31 наурызға қараған түні орын алған болатын. Күдіктілер Өскеменде тіс дәрігері болып жұмыс істейтін Сапар Әшетаев пен кәсіпкер Айбек Қанжекеновты қаланың сыртына алып шығып, айуандықпен өлтірген. Марқұмдардың мәйіттері тек 5 сәуір күні ғана табылды.