Бұған дейін Шымкентте жас жігіттің студенттерді грантқа ауыстырып беремін деп, олардың ата-аналарынан ірі көлемде ақша алғаны және күдіктінің ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Танымал блогер әрі заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, ұсталған жігіт М.Әуезов атындағы ОҚМУ проректорының туысы көрінеді.
Заңгер мәселенің мән-жайын анықтау үшін жәбірленушілердің бірінен видео-сұхбат алып, оны Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған. Сұхбатта алданған ата-ана күдіктіге не үшін ақша бергенін айтып берді. Оның сөзіне сенсек, ұсталған жігіт өзін проректор Дархан Сабырхановтың немересімін деп таныстырып, ЖОО-да бос гранттардың бар екенін және атасы арқылы сол гранттарды әпере алатынын айтыпты. Тек әрбір грантты ол 350-450 мың теңгеге бағалаған.
«Қызымызды грантқа ауыстырамыз деп ақша алды. Келісімшарт пен қол хаты бар. Дархан Сабырхановтың немересімін деді. Бірақ інісінің баласы болып шықты. Мен өзім тамыз айының 4-інде бердім ақшаны. Қалған ата-аналар күні кеше қарашаның аяғына дейін 350-450 мың теңгеден берген», – деп ата-ана заңгерге қолындағы келісімшарт қағазын көрсетті.
Жәбірленгендер саны қазіргі таңда 40 адамнан асыпты. Келтірілген шығын көлемі 14 миллион теңге. Аталған жайт Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-ге СДБТР-ға тіркеліп, ҚР ҚК-нің 190 «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Дәл қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.