Ақтөбедегі адвокаттар алқасы 4 желтоқсан күні кешкілік баспасөз мәслихатын өкізді. Оған қатысқан 40 шақты адвокат алқа төрайымы мен жергілікті адвокаттарға кәсіби қызметімен айналысуға кедергі жасалып жатқаны туралы айтты деп жазады Азаттық тілшісі.
«Ақтөбеде сот шешімімен үш адвокат лицензиясынан айырылды. Ендігі кезек адвокаттар алқасының төрайымы Раиса Якубенкоға жетіп отыр. Раиса Якубенко Қазақстанда «Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы» заң жобасының қабылдануына белсенді түрде қарсы шыққан адам. Адвокаттардың тәуелсіздігін шектейтін бұл заң жобасына біз де қарсымыз. Раиса Якубенко жоғарыға біздің дауысымызды жеткізуге тырысты. Сол үшін лицензиясынан айырылмақшы», – дейді адвокат Жүсіпбек Жанұзаков.
Баспасөз мәслихатына Ақтөбедегі адвокаттар алқасының төрайымы
Раиса Якубенконың өзі қатысқан жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, баспасөз мәслихатынан бір күн бұрын Ақтөбеде адвокаттардың шұғыл кеңесі өткен. Кеңесте адвокаттар лицензияларынан айырылып, кәсіби қызметпен айналысу қаупі барлығына төніп тұрғанын айтып, баспасөз мәслихатын өткізу туралы шешім қабылдаған.
Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының 150 мүшесі бар.
Биыл қазанда 500-ден астам адвокат Қазақстан премьер-министріне үндеу жолдап, "Адвокаттар қызметі және заң көмегі туралы" заң жобасы әділет министрлігі дайындаған күйінде қабылданбауы тиіс екенін мәлімдеген. Қазір заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында жатыр.
Заңгерлердің халықаралық комиссиясы (International Commission of Jurists - ICJ) желтоқсанда Астанада өткізген баспасөз конференциясында аталған заң жобасының біраз баптары тәуелсіз адвокаттық қызметті шектеуі мүмкін екенін және өзін-өзі реттейтін ұйымдардың құрылуына мүмкіндік бермейтінін мәлімдеген.