$ 494.87  520.65  4.91

Заңгер: «Жастар болашағымыз деп айқайлап, бірақ олардың мойнына қылмыс ілеміз»

Шымкенттік заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтан өткен жылы сотталған үш жасөспірімге араша сұрады. Есте болса, былтыр көктемде мұғалімді ұрып, кейін тонап кетті деген айыппен Алматы облысы Текелі қаласының үш оқушысы сотталған еді.

Заңгердің айтуынша, балалардың аталған қылмысқа қатысы жоқтығын дәлелдейтін айғақтар болса да сот оларды кінәлі деп тапқан. Сондықтан, қылмыстық жазаға кесілген жасөспірімдерді ақтау керек дейді ол.

«Үйде жатқан балаларды қолдан қылмыскер жасады! Кінәлілер - тергеуші, прокурор және судья! Үйде WhatsApp-пен сөйлесіп жатқан балаларды заң білмегендігін пайдаланып, мойындарына қылмыс іліп жіберді. Болашағымыз жастар деп айқайлаймыз. Нағыз қылмыскер баланы ақтап алып, жазықсыз үш балапанды қылмысқа итермеледі, енді мұны не десек болады? Біздің елдегі кейбір судьялар əділетсіз! Бұл - адам құқығын таптау! Болашақты таптау», - деп жазды А.Орынбек Жоғарғы сот төрағасына.

Оның айтуынша, қазіргі таңда балалардың ата-аналары кассациялық сотқа арызданыпты.

«Нағыз қылмыскер жігіт осы істе куəгерге айналып кеткен. Осы істен кейін тағы қаншама баланы ұрып, телефонын ұрлаған. Сотта да біз қаншама дəлел көрсеттік, ұрған бала куəгердің өзі деп. Бірақ, соттың көзі əділеттікке келгенде тастай жұмылып қалды. Ең басты айғағымыз - WhatsApp арқылы сөйлескен жазбаны да судья елемеді. Бұл енді сыбайлас жемқорлық болмай немене?» - дейді заңгер.

Еске салайық, былтыр сәуір айында 15 жастағы Сүндет пен оның ағасы 16 жастағы Ержан Есенбековтер және 15 жастағы Сүлеймен Тілеужанов мектеп мұғалімін ұрды деген айыппен сотталған болатын.

"Олардың бірі күш көрсету арқылы тонау дерегі бойынша айыпты деп танылды және бір жылға бас бостандығына шектеу қойылды. Қалған екеуі денсаулыққа қасақана залал келтіргені үшін әрқайсысы 5 жылға сотталды, екеуі де бір жыл бойы пробациялық бақылауда болады", – деген болатын сол кезде Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы Айнаш Рахымбаева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары